2022 жылы кедендегі тексеріс нәтижесінде экономикалық операторлардан шамамен 50 млрд теңге өндіріп алынған. 20 сәуірде мәжілісте журналистердің сұрағына жауап берген қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осылай деп мәлімдеді. Алайда ол кедендегі "күмәнді схемаларға" экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мен айналасындағы адамдардың қатысы бар ма деген сұраққа нақты жауап бере алмады.
– Былтыр президент кеден саласында тәртіп орнатуға тапсырма берген. Соған байланысты біз көптеген заңсыздықты анықтадық. Бас прокуратурамен және өзге де құқық қорғау органдарымен жұмыс тобы құрылды, анықталған фактілер құқық қорғау құрылымдарына берілді. Қазір тергеу жүріп жатыр, – деді Жамаубаев.
Оның сөзінше, соның нәтижесінде бюджет дер кезінде төленбеген түсіммен толықтырылған.
– Былтыр заң бұзғандардан шамамен 50 млрд теңге өндіріп алынды. Ол жерде бірнеше экономикалық оператор заң бұзған, – деді министр.
"Кеден экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мен айналасындағылардың бақылауында болды ма және ақырғы бенефициары ретінде соларды атауға бола ма?" деген журналист сұрағына Жамаубаев "ақырғы бенефициарларды өзіңіз атадыңыз" деді. Оның сөзінше, 15-тен астам экономикалық оператор болған.
Министр "Заң бұзғандар арасында экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды немесе Назарбаевтың өзі бар ма?" деген сұраққа да жауап бермеді.
– Ол жерде жұмыс тобы болды және негізгі жұмысты құқық қорғау органдары жүргізді. Олардың қимылдау алгоритмі, жұмыс, тергеу шарты бар. Егер олар бұл жайттарды ашса, сауал жіберіп, сұрап көріңіздер. Органдар оны жария етпейді, – деді Жамаубаев.
Қаңтар оқиғасынан кейін елде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы әлсіреп, оның туыстары мен айналасындағы адамдар түрлі қызметтен шеттетіле бастаған шақта президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан-Қытай шекара бекеттеріндегі бейберекеттікті реттеуді" тапсырған еді. Ол Қытай мен Қазақстанның өзара сауда-саттық саласындағы статистикалық мәліметтер әртүрлі екенін айтып, кеден мен транзит алымдары арасындағы айырма 5,7 миллиард долларға жеткенін мәлімдеген. Сол кезде кейбір сарапшылар оның бұл мәлімдемесі Назарбаев отбасына қарсы бағытталуы мүмкін деп болжаған. Өйткені "Қорғастағы сауда экс-президенттің інісі Болат Назарбаевтың бақылауында" деген сыбыс бұрыннан бар.
Тоқаевтың кедендегі бұрыннан белгілі жемқорлықты "енді байқауының себебіне" үңілген сарапшылар сол кезде бұл президенттің бай-кедей арасындағы үлкен алшақтық пен жемқорлыққа қатысты қоғам наразылығын басуға бағытталған "олигополиядан арылу" талпынысы деп топшылаған.
ПІКІРЛЕР