Accessibility links

Адвокаттар мен құқық қорғаушылар "Халық парламенті" митингісінен кейін белсенділерді қудалау тоқтамай отырғанын мәлімдеді


Адвокаттар мен құқық қорғаушылар Алматыда 9 сәуір күні рұқсат етілмеген митингіге шыққандарды қудалау тоқтамай тұрғанын айтып жатыр. Алматы, 20 сәуір, 2023 жыл.
Адвокаттар мен құқық қорғаушылар Алматыда 9 сәуір күні рұқсат етілмеген митингіге шыққандарды қудалау тоқтамай тұрғанын айтып жатыр. Алматы, 20 сәуір, 2023 жыл.

20 сәуірде Алматыда өткен баспасөз мәслихатында адвокаттар мен құқық қорғаушылар "әділетсіз сайлаудан кейін" құрылған "Халық парламенті" өкілдері мен өзге де белсенділерді қудалауды тоқтатуды талап етті. Олардың есебінше, бүгінге дейін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген желеумен 4 адам 15 күнге қамалып, 10 адамға айыппұл салынған. Арасында қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы, саясаткер Мұхтар Тайжан, азаматтық белсенді Әлнұр Ілияшев, заңгер Асылбек Қараев бар.

Бейсенбі күнгі жиында спикерлер "сотта болған заңсыздықтар" туралы да баяндады.

Құқық қорғаушы Ғалым Нұрпейісов "судьялар заңды шешім шығармады. Олар тек берілген тапсырманы орындады" дейді.

– Біз, екі бірдей адвокат, есік алдында күтіп тұрмыз. Арада 10 минут өткенде қорғауымыздағы азаматқа сот шешімі шыққанын естідік. Бұл жерде біздің қорғау құқығымыз бұзылды. Тіпті сот айыпталушының "Менің қорғаушыларым күтіп отыр" деген сөзіне қарамай, шешім шығарған, – дейді Ғалым Нұрпейісов.

Тағы бір қорғаушы Жалғас Сапарханованың айтуынша, 9 сәуір күні өтетін митингіге қатысатын белсенділерге полицейлер алдын ала – 1 сәуірде сотқа жолдама дайындап қойған. "Полиция хаттамаларды дұрыс толтырмаған. Соған қарамастан, судьялар полицияның айтуы бойынша айыппұл тағайындаған".

Баспасөз мәслихатына қатысқан Мәдина Көкетаева өзін полиция учаскесінде үш сағаттан артық ұстағанын, ешқандай су бермегенін, адвокаттың көмегіне жүгінуге мүмкіндік жасамағанын айтып, "бұл қысым сотта да жалғасты" дейді.

14 сәуір күні Мәдина Көкетаева сот үстінде қан қысымы көтеріліп құлап, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген еді. 19 сәуірде Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Көкетаеваға 30АЕК көлемінде (72 450 теңге немесе 158 доллар) айыппұл салған.

Баспасөз мәслихатын өткізгендер жиын соңында президент Тоқаевқа үндеу арнап, қамалғандарды босатуды, әкімшілік іс туралы сот шешімін жоюды талап етті. Үндеуде "Қамауда отырған серіктерімізге бостандық берілсін. Әкімшілік істер тоқтатылсын. Шығарылған сот қаулыларының күші жойылсын! Бұл талаптарымыз орындалмаса, Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі комитетіне барлық қудаланушының атынан шағым жасаймыз" деп жазылған.

"Халық парламенті" өткізген митингіге қатысқаны үшін бүгінге дейін төрт адам 15 күнге қамалып, 10 адамға айыппұл салынған.

"Халық парламенті" мүшелері мен белсенділер, басқа да азаматтар 9 сәуірде мәжіліс сайлауының нәтижесін жоюды талап етіп, Алматыда бейбіт митинг өткізген. Қалалық прокуратура митинг өтпес бұрын бұл "заңсыз" екенін, митингіге қатысқандар жазаға тартылатынын ескерткен.

Қазақстанда 2020 жылы "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанымен, құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Халықаралық және құқық қорғаушылар ресми Астананы азаматтардың бейбіт жиналу құқығын сақтауға үндеп келеді.

Қазақстан билігі елде азаматтарды саяси белсенділігі үшін қудалайтынын мойындамайды.

XS
SM
MD
LG