Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті Жаңаөзендегі жарылысқа магистральден газдың шығуы себеп болды деген ТЖ министрлігінің ақпаратын терістеді. Бұл жөнінде ҚазТАГ ақпарат агенттігі хабарлады.
"Әлеуметтік желілерде Жаңаөзенде жарылыс болған көпқабатты тұрғын үйді тексеріп жатқаны туралы видеолар тарап жатыр. Мамандар мен сарапшылар газ құбырын қазып, тексеріп жатқаны хабарланды. Аталған тұжырым шындыққа сәйкес келмейді. Жүргізіліп жатқан жарылыс-техникалық сараптама визуал бақылау, терең әрі толық зерттеу үшін жағдайды бағалау арқылы жүзеге асатын бірнеше кезеңнен тұрады" деп хабарлады төтенше жағдайлар департаменті бейсенбі күні.
17 сәуірде төтенше жағдайлар министрлігі жарылысқа газдың шығуы себеп болуы мүмкін деп болжаған. Ведомство оқиғаны "газ қоспасының жарылысы" деп атаған.
Министрліктің болжамынша, таңға дейін пәтерлердің бірінен газ шығып, тұрғындардың бірі жарық қосқаннан кейін жарылыс болуы мүмкін.
Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында 1970-жылдары салынған қос қабатты 12 пәтерлі ескі үйде 17 сәуір күні таңсәріде жарылыс болып, бір подъезі құлаған. Жарылыстың салдарынан төрт адам мерт болып, 10-нан астам адам зардап шеккен.
Төтенше жағдайлар министрлігі сол кезде "көппәтерлі үйде газ баллоны жарылып, 150 шаршы метрді алған (үйдің жалпы ауданы – 600 шаршы метр)" деп хабарлаған. Кейін газ баллоны жарылды дегенді жоққа шығарып, "газ қоспасының жарылысы" деді. Көрші үй тұрғындары таңертең жарылысты естіп, далаға атып шыққанын айтқан.
Жергілікті халық Жаңаөзенде осыдан ширек ғасыр бұрын үйлердің бірінде газ жарылғанын, одан бері ондай оқиғалар болмағанын айтқан.
Әкімдік ақпаратына қарағанда, қалада тозығы жеткен 53 үй бар. Бірақ тұрғындар шын мәнінде тұруға жарамсыз үйлер көп екенін айтады. Апат алдындағы үйлерде тұратын адамдар 2015 жылдан бері бірнеше рет наразылық білдірген.