Accessibility links

Адвокат: Қарақалпақ белсендісі Тәжімұратов түрмеде қысым көріп жатыр


Дәулет Тәжімұратов.
Дәулет Тәжімұратов.

2022 жылғы шілдеде Нөкістегі жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деп айыпталған қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың мүддесін қорғаушы ташкенттік адвокат Сергей Майоров Өзбекстан президентіне, бас прокурорға және ішкі істер министріне бейнеүндеу жолдады.

Заңгер үндеуде оның қорғауындағы азаматты түрмеде ұрып-соғып, мазаққа айналдырғанын айтты.

"6 сәуірде Ташкентке жеткізген күні оның шашын тықырлап алып тастады. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ, сол себепті ол кінәсі дәлелденген қылмыскерге жатпайды. Бұлардың істеп отырған әрекеті – заңсыздық. Соған қарағанда, оған камерада күн бермеу жөнінде биліктен тапсырма түскен болуы керек. Оған мақтасыз, жыртылған, ескі матрас берген. Сасық жастық пен ағал-жағал тыс әкелген. Камераны тазалауды бұйырған, бірақ сыпыртқы, шелек пен шүберек бермеген. Ештеңе бермеген.

Оның қасына халық арасында "жалбыр шаштылар" деп аталатындарды орналастырған. Олар физикалық және психикалық қысым көрсетіп жатыр. 6 сәуірде Жоғарғы сотқа іспен танысуға алып келген уақытта ол өз құқықтарын қорғағысы келген, бірақ айдауылдар оның қолын бұрап, ұрып-соққан. Камерада да ұрған, өйткені ол заңсыз әрекеттер жасауға келіспеген" дейді адвокат Сергей Майоров бейнеүндеуде.

Тәжімұратовтың адвокаты апелляциялық сот әлі өтпегенін, үкім күшіне енбегенін ескертіп, президент Шавкат Мирзияевтан Дәулетмұрат Тәжімұратовты ұрып-соғуды, мазақ етуді доғаруды сұрады.

Биыл 31 қаңтарда Өзбекстандағы сот "Ел қызметінде" газеті бюросының адвокаты Дәулетмұрат Тәжімұратовты 16 жылға соттаған. Сот оны "Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзу немесе билікті басып алу мақсатында сөз байласты" және "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп таныды. Бұған қоса, сот Тәжімұратовты "ақша жымқыру", "ақша заңдастыру" баптары бойынша кінәлі деп тапты. Соттағы жарыссөзде прокурор Тәжімұратовты 18 жылға соттауды сұраған.

Сонымен бірге сот үкімімен Дәулетмұрат Тәжімұратов 228,8 миллион сум (20 мың доллар) шығынды өтеуге тиіс.

Ресми Ташкент былтыр жазда Өзбекстан конституциясының жаңа жобасын жариялағаннан кейін Қарақалпақстанда наразылық басталды. Себебі заң жобасынан Қарақалпақстанның Өзбекстаннан шығу құқығы мен оның егемендік мәртебесі түсіп қалған.

Нөкістегі баскөтеру тәуелсіз Өзбекстан тарихында 2005 жылғы Әндіжан оқиғасынан кейінгі ең қанды оқиға болды. Өзбек билігінің ресми ақпаратынша, Нөкістегі наразылық кезінде 21 адам қаза болып, 243 адам жараланды. 500 адам ұсталды.

Қарақалпақстандағы жаппай наразылықтан кейін Ташкент конституциялық заңға енгізілмек болған даулы өзгертулерден бас тартты. Билік жағдайды ушықтырды деп, "сыртқы күштерді" айыптады.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) ұйымы 2022 жылғы 1-2 шілдеде Қарақалпақстандағы оқиғалар барысында билік бейбіт халыққа күш қолданды, соның салдарынан көптеген адам қаза болды немесе жараланды деп хабарлаған. Жүздеген адам ұсталған, олардың арасында белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратов та болды. Биліктің мәлімдеуінше, белсенді көпшілікті шеруге үндеген. Халықаралық ұйымдар оқиғаны жан-жақты, әділ тергеуді талап етеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG