Киевке келген НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг бейсенбі күні Михайлов алаңындағы Ресей басқыншылығына қарсы соғыста қаза тапқан украин әскерлеріне арналған мемориалға барды. Ресей әскерінің соғыста күйреген техникасына арналған көрмеде де болды.
Ресей Украинаға басып кіргелі бері НАТО бас хатшысы Киевке алғаш рет барып отыр. Столтенбергтің сапарына қатысты пікір білдірген Украина президенті Владимир Зеленский "бұл – альянстың Украинамен қатынастың жаңа кезеңін бастауға деген ықыласының көрінісі" деді.
Зеленскийдің айтуынша, келіссөз барысында Украинаға қару-жарақ жеткізу, оның ішінде алыс қашықтыққа соққы жасайтын артиллерия, авиация және беренді техника жеткізу мәселесі талқыланған. Бұған қоса, Вильнюстегі НАТО саммиті де сөз болған. Украина бұл саммитте өзін одаққа қосуға ресми түрде шақыру алады деп те үміттенеді. Келіссөз кезінде НАТО-ға қосылғанға дейін Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесі талқыланған.
Столтенберг келіссөз барысында одақ Украинаны одан әрі қолдай береді деп мәлімдеді. Ол сонымен бірге солтүстікатлантикалық одақ елдері Украинаның болашағы НАТО екеніне келісетінін де жеткізді. Дегенмен "Киевті жуырда НАТО-ға шақыра ма" деген сұраққа нақты жауап берген жоқ. Бірақ Вильнюстегі саммитте бұл мәселе талқыланатынын айтты. НАТО бас хатшысы қазір Украинаны НАТО-ға алу емес, оның соғыста жеңгені маңызды деді.
НАТО бас хатшысы Киевке бармай тұрып та, солтүстікатлантикалық одақ Кремльдің ядролық қару қолданатыны туралы қоқан-лоқысына қарамастан, Украинаны қолдай береді деп мәлімдеген.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Киев Украинаны НАТО-ға қосуға жетелейтін ұсыныстан басқа балама шартқа келіспейтінін айтқан. Одаққа кіретін Орталық және Шығыс Еуропа елдері Украинаны альянсқа алуды қолдайды. Ал Батыс Еуропа елдерінің саясаткерлері бұған сақтықпен қарайды.
Ресей Украинаға басқыншылық жасамай тұрып, Украинаны НАТО-ға қабылдаудан бас тартуды талап еткен еді.
Бейсенбі күні НАТО-ның екі елі – Дания мен Нидерланд Украинаға "Леопард-2" танкісінің 14 данасын беретіні белгілі болды. Дегенмен әскери техника Украинаға 2024 жылдың басында ғана жетеді деп айтылады. Биыл жыл соңына дейін Дания Украинаға "Леопард-1" танкісінің 80 данасын беруге уәде берген.