Ресейден қару сатып алуға оқталған Үндістан төлем әдісіне келісе алмады, сол себепті ресейлік қаруды Үндістанға тасымалдау тоқтатылды деп жазды дереккөзге сүйеннен Bloomberg агенттігі.
Дели Батыс санкциясынан сескеніп, Ресей қаруы үшін доллармен есеп айырысудан бас тартқан. Әңгіме 2 млрд долларлық келісімшарт пен С-400 ракета кешенінің екі қондырғысы мен бөлшектерін сатып алуға жұмсалуы керек 10 млрд долларлық Ресей несиесі жөнінде болып отыр. Bloomberg-тің жазуынша, қару тасымалының тоқтап қалғанына бір жыл болған.
Өзге валюталарды пайдалану туралы келіссөз де нәтижесіз аяқталған. Мәскеу үнді рупийінің бағамы тұрақсыз болғандықтан, оны қабылдаудан бас тартқан. Ал Үндістан келісімді рубльмен де жасағысы келмеген, себебі ондай жағдайда қаруды нағыз нарық құны бойынша ала алмайды. Еуромен және дирхаммен сатып алу жөнінде де келіссөз болған, алайда еуромен келісім жасау Еуропа мен Америка билігінің назарын аудартып, Үндістанға валюта бағамы тиімсіз болып шығады. Ресей қару бойынша үнді тауарларымен есеп айырысуды да сауда балансындағы едәуір профицитке байланысты құп көрмейді.
Қарулы күштерінде 250 жойғыш ұшақ, 1200 танк, жеті суасты кемесі бар Үндістан үшін тасымал тоқтағаны бірқатар мәселе туындатуы мүмкін. Үндістан өкілдері Ресей әскери техникасының жарақтандырылуына да күмән келтіреді.