Accessibility links

Бішкектің кириллицадан бас тарту туралы мәлімдемесінен кейін Ресей Қырғызстаннан сүт өнімдерін тасымалдауды тоқтатты


Ресей Қырғызстаннан сүт өнімдерін импорттауды тоқтатты. Мұндай ақпарат Қырғызстанның мемлекеттік тіл жөніндегі комиссиясының төрағасы Қаныбек Осмоналиевтің қырғыз әліпбиін латынға көшіруге дайын екені жөніндегі мәлімдемесінен кейін пайда болды.

"Россельхознадзор" 21 сәуірде Қырғызстаннан келген сүт өнімдерін тексергеннен кейін "өндірушілер өнім сапасын дұрыс бақыламайтыны анықталды" деп мәлімдеді.

Ресей билігі жылдар бойы "Россельхознадзорды" Мәскеуге әрекеті жақпай қалған бұрынғы совет республикаларына қарсы ықпал ететін тетік ретінде пайдаланады. Ресей бұрын Армения, Беларусь, Грузия, Молдова және Украинамен қарым-қатынасы нашарлаған кезде осы елдерден өнім тасымалдауға тыйым салған. Бұл елдер Мәскеудің әрекетін "экономикалық санкция" деп атаған.

Импорт тоқтардан бір күн бұрын Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Осмоналиевпен кездесіп, оны Мәскеуге ұнамай қалған 19 сәуір күнгі қырғыз әліпбиін латынға көшіру туралы мәлімдемесі үшін сөккен.

Сарапшылар түркітілді елдердің латынға көшу ниетін олардың Ресейден алшақтап, ұлттық идентификацияны жаңғырту талпынысымен байланыстырады.

Қазақ тілін латынға көшіруді бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы тапсырған. Бірақ қазір билік латынға көшуді сирек айта бастаған. Жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселе бойынша "асықпау қажет" екенін тағы ескерткен.

Өзбекстанда латын мен кириллицаға негізделген екі әліпби 1993 жылдан бері қатар қолданылып келеді. Алайда 2023 жылғы 1 қаңтардан бері ресми тұлғалар тек латынды қолдана бастады.

Ал Түркіменстан кириллицадан латынға 1993 жылы көшкен. Оңтүстік Кавказдағы бұрынғы совет республикасы – түркітілді Әзербайжан 1991 жылы желтоқсанда кириллица әліпбиін латынға ауыстырған.

XS
SM
MD
LG