Accessibility links

Балтық елдері постсоветтік елдердің егемендігі туралы айтқан Қытай елшісін шақырды


Қытай дипломаты Лу Шае.
Қытай дипломаты Лу Шае.

Постсоветтік елдердің егемендігіне байланысты қытай дипломатының мәлімдемесінен кейін Латвия, Литва және Эстония сыртқы істер министрліктері Қытайдың осы елдердегі өкілдерін шақырды. "Қырым Украинаға тиесілі ме?" деген сұраққа қытай дипломаты "постсоветтік елдердің халықаралық құқықта мәртебесі жоқ" деп жауап берген.

Балтық елдердің наразылығына Қытайдың Франциядағы елшісі Лу Шаеның сұхбаты түрткі болған. La Chaîne Info телеарнасының эфирі кезінде журналист дипломаттан "Қырым Украинаға тиесілі ме?" деп сұраған. Ал дипломат "бұл мәселені қалай қабылдауыңызға байланысты" деп жауап берген. Бұдан соң Лу "Қырым бастапқыда Ресейдікі болған, кейін Хрущев заманында Украинаға берілген" деген.

Журналистің "халықаралық құқық бойынша, Қырым Украина аумағы деп есептеледі" деген сөзіне жауап берген қытай дипломаты "бұрынғы Совет Одағына мүше елдердің халықаралық құқықта мәртебесі жоқ, себебі оларды егемен ел ретінде нақтылайтын халықаралық келісім жоқ" деп жауап берген (мұндай келісімнің керегі жоқ – СССР-ден шыққан республикалар егемендігін жариялап, БҰҰ-ға мүше болған және оларды өзге мемлекеттер мойындаған – ред.).

Лу "әлем мұндай мәселелерге бола дауласпауы керек" деп, Украинадағы атысты тоқтатуға үндеген.

Қытайлық әріптесінің сөзіне пікірін айтқан Украинаның Франциядағы елшісі Вадим Омельченко Twitter-де Лу "не географияны жөнді білмейді, не Пекиннің ұстанымына қарсы мәлімдеме жасап отыр" деді. "Қырым қай елдікі? деген сұрақ әрдайым нәтижесін береді. Келесіде "Владивосток қай елдікі?" деп сұраса, жақсы болар еді" деп жазды ол.

Латвия сыртқы істер министрі Эдгар Ринкевич Twitter-де "Қытай жағы мәлімдемені толық терістеп, түсіндірсін" деді.

Литва сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергис Twitter-де қытай елшісінің жауабы Балтық елдері "Украинадағы жағдай бойынша ара ағайындық жасауда Қытайға не үшін сене алмайтынын көрсетіп отыр" деді.

Эстония сыртқы істер министрі Маргус Тсахкна "мұндай көзқарасты қабылдамаймыз, Эстония – егемен мемлекет" деп мәлімдеді.

Пекин Балтық елдері мен Украинаның реакциясынан кейін жағдайға түсініктеме берген жоқ.

XS
SM
MD
LG