Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың ұлы Николай "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясында қызмет еткенін мәлімдеді. Ол "Комсомольская правда" газетіне берген сұхбатында Украинадағы "әскери қимылдарға" қатысқанын, "Ерлігі үшін" медалін алғанын айтты.
Николай Песковтың сөзіне қарағанда, ол дүркіндете ататын "Ураган" экипаж жүйесінде жұмыс істеген.
Бұған дейін "Вагнер" жетекшісі Евгений Пригожин шенеуніктің ұлына қатардағы әскерде жүрме деп кеңес бергенін айтқан. Оның айтуынша, шенеуніктің ұлы аты-жөнін жасырып, соғыс аймағына басқа құжатпен барған.
2022 жылы қыркүйекте Путин мобилизация жариялағаннан кейін "Популярная политика" YouTube-арнасының жүргізушісі Дмитрий Низовцев өзін әскери комиссар деп таныстырып, Николай Песковқа шақыру қағазын "бермек болғанда" ол "әскери комиссариатқа бармайтынын" айтқан еді.
"Мен Песков мырзамын. Ол жақта жүргенім дұрыс емес болатынын түсінуге тиіссіз. Мен мұны басқа деңгейде шешемін. Отан қорғауға қарсы емеспін, бірақ ол жаққа баруым қаншалықты дұрыс болатынын анықтап алу керек, мен белгілі бір саяси нюанстар жағын айтып отырмын" деген еді Песковтың баласы.
"Комсомольская правда" газетіне берген сұхбатында кіші Песков сол сұхбат кезінде "соғысқа баруға дайындала бастағанын" айтқан. Құқық қорғау ұйымдары "Вагнерді" әскери қылмыс жасады деп айыптаған, Батыстың санкциясына ілінген ұйымды АҚШ халықаралық қылмыстық ұйымдар тізіміне енгізген.
2017 жылы "Жемқорлықпен күрес қоры" Песковтың ұлы жөнінде зерттеу жариялап, ол еш жерде жұмыс істемесе де, қымбат көлік айдап, жеке ұшақпен ұшатынын жазған. Ондағы ақпаратқа қарағанда, Николай Песков (сол кезде Чоулз деген фамилиямен жүрген) "бұзақылығы үшін" шамамен бір жыл Ұлыбритания түрмесінде қамауда болған.
ПІКІРЛЕР