Кипр Украинаға басып кіргені үшін Ресейге салынған санкцияны айналып өтуге көмектесті деп күдікке ілінген жеке және заңды тұлғаларға қатаң шара енгізілгенін жариялады.
Қаржы комиссары Павлос Иоанну Кипрдің CyBC телеарнасына берген сұхбатында күдікке ілінген тұлғалардың активтері бұғатталғанын айтты. Алайда қанша адам не қанша ұйым жөнінде әңгіме болып отырғанын нақтыламады.
Кипр орталық банкінің жетекшісі осы аптада президент Никос Христодулидиске 13 жеке тұлға мен бірнеше компанияның шоты бұғатталғанын айтқан еді.
Ұлыбритания мен АҚШ бұған дейін Ресейге Украинаға басып кіргені үшін салынған "санкциядан жалтаруға көмектескен" Кипр азаматтары мен компанияларына санкция салған еді. Осыдан соң Кипр билігі Америка немесе Британ шектеуіне ілінгендердің барлығын заңмен қудалауға уәде берген болатын.
Кипрде Ресей диаспорасының ірі шоғыры тұрады. Оңтүстік жағалаудағы Лимасол қаласын "Жерорта теңізіндегі Мәскеу" деп жиі атайды деп жазды France-Presse. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, елдегі ірі банк – Bank of Cyprus Ресей паспорты бар және Еуроодақ азаматы емес 4 мың клиентіне шоттары жабылғанын хабарлаған.