Accessibility links

Қытай сыртқы істер министрлігі: Қытай барлық елдің егемендігін құрметтейді


Си Цзиньпин.
Си Цзиньпин.

Қытай бұрын СССР құрамында болған одақтас республикалардың бәрінің егемендігін, тәуелсіздігі мен аумағының тұтастығын құрметтейді. Мұны Қытай сыртқы істер министрі Мао Нин дүйсенбіде Пекиндегі брифинг кезінде айтты. Ол СССР ыдырағаннан кейін бұрынғы совет республикаларымен дипломатиялық қатынас орнатқан алғашқы елдердің бірі Қытай екенін еске салған.

Мао Нин Қытайдың Франциядағы елшісі Лу Шаенің резонанс туғызған пікіріне түсініктеме берді. "Қырым кімге тиесілі" деген сұраққа жауап берген Лу Шае "бұрынғы совет республикаларының егемендігі халықаралық құқық тұрғысынан күмәнді" деген баға беріп, түбек Украинаға тиесілі екеніне де күдік келтірген.

"Қытайдың Франциядағы елшісінің пікірі Қытайдың ресми ұстанымы ма?" деген сұраққа Қытай сыртқы істер министрі Пекиннің ресми ұстанымы сыртқы істер министрлігінің түсініктемесі екенін алға тартқан. Бірақ Пекин Лу Шаенің пікірін құптамайтынын ашық мәлімдемеген.

Интернет қолданушылары Лу Шаенің сұхбаты Париждегі Қытай елшілігінің әлеуметттік желідегі ресми парақшасынан жойылғанына назар аударған. Дүйсенбіде елшілік дипломаттың пікірі оның жеке көзқарасы екені, Қытайдың ұстанымы еместігі туралы мәлімдеме таратты.

Қытай елшісінің сөзі Еуропаның бірқатар елінде бірден реакция туғызды. Латвия, Литва мен Эстония өз елдеріндегі Қытай елшілерін шақырып, түсініктеме алды. Лу Шаенің сөзін Чехия, Италия, Люксембург, Молдова және өзге де елдер айыптай сөйледі. Еуропа одағы сыртқы саясатының басшысы Жозеп Боррель Қытай елшісінің сөзі Пекиннің ресми ұстанымы емес деп үміттенетінін білдірді.

Боррельдің сөзінше, Еуропа одағы биыл маусымда өтетін саммитте Қытаймен арадағы қатынасқа қайта баға береді.

Батыс елдері Ресеймен стратегиялық серіктес екенін мәлімдеген Қытай Украинаға басып кірген Мәскеуге қолдау көрсете ме деп қауіптенеді. Ресми Пекин әзірге Ресейге қару-жарақ беруден тартынып, Украина егемендігін қолдайтынын мәлімдеп отыр. Алайда Украинаға басып кіре отыра, оған АҚШ пен Батыстың өзге де елдері кінәлі деп есептейтін Ресей нарративімен келісетінін жиі аңғартатыны байқалған. Оның үстіне, Пекин Мәскеумен экономикалық байланыстарын әрі қарай да ұлғайтып жатыр.

  • La Chaîne Info жаңалықтар арнасының эфирінде тележурналист Дариус Рошебен Қытай елшісінен "Қырым туралы ұстанымыңыз түсініксіздеу болды, Қырым Украинанікі ме, жоқ па?" деп қайталап, нақтылап сұраған. "Елші: Сұраған мәселеңіз бұл проблеманы қалай қабылдайтыныңызға байланысты деп жауап берген" дейді Крым.Реалии. Осыдан кейін ғана Лу Шае "Қырым о баста Ресейдікі болатын, кейін Хрущев Украинаға беріп жіберген" деп үстеген.
  • "Халықаралық құқық Қырымды Украина жері деп қарастырады" деген журналист сөзіне дипломат "бұрынғы совет елдерінің халықаралық құқықта статусы жоқ, өйткені олардың егемендігін нақтылайтын халықаралық келісім жасалған емес" деп жауап берген. Алайда мұндай халықаралық келісім талап етілмейді, өйткені СССР құрамындағы бұрынғы республикалар тәуелсіздігін жариялап, Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылданған және оларды өзге мелекеттер мойындаған.
  • Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров дүйсенбідегі брифингіде бұл сөзі үшін Ла Шаені Қазақстанға кіргізбеу туралы шешім болмайтынын және Қытайға наразылық нотасы жіберілмейтінін аңғартты. Айбек Смадияров Қытай сыртқы істер министрлігінің ұстанымына келісетінін мәлімдеді. "1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң, Қытай біздің республикамыздың егемендігі мен тәуелсіздігін және аумағының тұтастығын алғашқылардың бірі болып мойындады" деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG