Accessibility links

О'Салливан: Қазақстан мен Ресей арасында "әдеттен тыс тауар ағыны" байқалды


Еуропа одағының Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас (оң жақта) пен Еуропа одағының санкция жөніндегі арнаулы өкілі Дэвид О'Салливан. Астана, 24 сәуір, 2023 жыл
Еуропа одағының Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас (оң жақта) пен Еуропа одағының санкция жөніндегі арнаулы өкілі Дэвид О'Салливан. Астана, 24 сәуір, 2023 жыл

Еуропа одағының санкциясы үшінші елдерді көздемейді, одақ үшінші елдердің Ресеймен заңды сауда қатынастарына кедергі жасауға тырыспайды, алайда Брюссель "кейбір елдердегі әдеттен тыс тауар ағынына" назар аударады. Бұл туралы 24 сәуірде Астанада өткен баспасөз мәслихатында Еуропа одағының санкция бойынша арнаулы өкілі Дэвид О'Салливан айтты.

– Бұрын Еуропа одағынан Ресейге жөнелтіп жүрген экспорт өзге елдерге кетіп жатқанын және ол елдерден дәл сондай тауар Ресейге шығып жатқанын көріп отырмыз, – деді О'Салливан.

Ол мұндай тауарлар ішінде Ресейдің соғыс мақсаттарына тікелей немесе жанама түрде қолданылатын тауар болуы мүмкін екенін алға тартқан.

– Сондықтан бүгін-ертең Британия мен Американың өкілдерімен кездесіп, Қазақстан үкіметімен диалог бастауды ойластырып отырмыз. Сөйтіп, тауар ағынын егжей-тегжейлі зерттеп, қандай проблема бар екенін, оны қалай шешуге болатынын анықтауымыз қажет, – деді О'Салливан.

Оның сөзінше, тіпті, соғыс қимылдары тоқтаған күнде де санкцияның күші жойыла салмауы мүмкін. Өйткені соғыстан кейін әскери қылмыскерлерді жауапқа тарту, репарация алу, Украина инфрақұрылымын қалпына келтіру мәселесі бар.

Қазақстан Украинаға басып кірген Мәскеуді ресми түрде айыптамаған, Батыс санкциясына да қосылмаған. Бірақ санкцияны айналып өтетін жол болмайтынын құлағдар еткен. 2023 жылғы наурызда Bloomberg агенттігі Қазақстан 2022 жылы Ресейге құны 3,7 миллион доллар тұратын микрочиптер мен жартылай өткізгіштер сатқанын анықтаған. Бұрын мұндай тауар айналымы 12 мың доллардан аспаған. Қазан айында Bloomberg Еуропа одағынан Қазақстанға экспортталатын сүтсауғыш 633 пайыз көбейгенін айтқан. 2022 жылы тамызда Қазақстан Еуропадан 21,4 миллион долларға мұздатқыш сатып алған. Бұл бұрынғы кезеңдегіден үш есе көп. Қазақстан үкіметінің мәліметтері де мұздатқыш, кіржуғыш, сүтсауғыштар Ресейге көптеп кетіп жатқанын көрсеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG