Оңтүстік Африка Республикасының президенті Сирил Рамафоса 25 сәуірде биліктегі "Африка ұлттық конгресі" партиясы ОАР-ды Халықаралық қылмыстық сот құрамынан шығару туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Өткен айда Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путинді тұтқындауға ордер берген. Биыл БРИКС саммитін өткізетін ОАР осылайша тамызда Путин келген кезде оны тұтқындауға міндетті болған.
Ресейлік ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Рамафоса Халықаралық қылмыстық сот бойынша "Африка ұлттық конгресі" партиясының шешімін Путиннің жағдайымен байланыстыра сөйлеп, билік мәселені зерттеп жатыр деген. Халықаралық қылмыстық соттан шығу үшін ұлттық парламент тиісті шешім қабылдауы керек, ал парламенттегі орындардың басым бөлігін "Африка ұлттық конгресі" иемденіп отыр.
Претория жылдар бойы Мәскеумен тығыз қарым-қатынас орнатып келеді. Кремль бұрын "Африка ұлттық конгресінің" апартеид режимімен күресін қолдаған.
Былтыр Ресей Украинаға басып кірген кезде ОАР Мәскеудің әрекетін айыптамаған. Ол бейтараптық ұстанымда қалатынын айтып, соғысты диалогпен шешуді қолдаған.
Кремль украин балаларын заңсыз депортациялағаны үшін айыпталғаннан кейін Халықаралық қылмыстық сот Владимир Путинді тұтқындауға ордер берген. "Африка ұлттық конгресі" партиясының бас хатшысы Фикиле Мбалула "Путин елге кез келген уақытта келе алады. Халықаралық қылмыстық сот баршаның емес, тек кейбіреудің мүддесіне қызмет етеді" деген.
Дегенмен ОАР бұған дейін де Халықаралық қылмыстық соттан шығуға талпынған. 2016 жылы Африка одағы саммитіне Суданның сол кездегі президенті Омар әл-Башир келген кезде ОАР-да елді ХҚС-тан шығару мәселесі қызу талқыланған. Халықаралық қылмыстық сот әскери қылмыс жасады деп айыпталған әл-Баширді де тұтқындауға ордер берген еді. Кейін жергілікті сот ХҚС-тан шығу туралы шешім Конституцияға қайшы деген қаулы қабылдады.
- 17 наурызда Халықаралық қылмыстық сот Владимир Путинді тұтқындауға ордер берген. Ол Украинаның Ресей басып алған аумағынан балаларды заңсыз тасымалдады деп айыпталып отыр. Осыған ұқсас ордер Ресейдегі бала құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен Мария Львова-Беловаға да берілді. Шешімді АҚШ, Еуроодақтың басым бөлігі мен Украина қолдаған.
- Ресей Халықаралық қылмыстық соттың юрисдикциясын мойындамайды және оның жұмысына қатыспайды. Мәскеу 2016 жылдан бері соттың әрекетін анықтайтын Рим статына мүше емес.
- 20 наурызда Ресей тергеу комитеті Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры Карим Ахмад Хан мен ХҚС судьяларына қылмыстық іс қозғаған.
- Сәуірде Қазақстан да Рим статутын ратификацияламағаны белгілі болды. "Қазақстанға бұл статуттың күші жүрмейді және Қазақстан ол жөнінде ешқандай міндеттеме алмаған" деп хабарлады Қазақстан СІМ.