Британ парламентінің мүшесі Дэниел Кавчински Қазақстандағы парламент сайлауына оң баға бергеннен кейін сынға ұшырады. Бұл жөнінде The Guardian басылымы жазды.
Басылымның ақпаратына қарағанда, халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстандағы адам құқығы ахуалына алаңдап, елде шынайы оппозиция өкілдері сайлаудан шеттетіліп жатқан тұста Ұлыбритания премьер-министр Риши Сунактың сауда жөніндегі уәкілі Даниэл Кавчински наурызда парламент сайлауын бақылау үшін Қазақстанға келген. Басылым оның сапарының ақысын Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі төлеп, билетіне 4,500 фунт, қонақүйі мен тамағына 600 фунт ақша жұмсағанын жазды.
"Кейін оның (депутаттың) сөзінен Қазақстан үкіметінің сайты үзінді келтірді: "Қазақ халқының Совет Одағы құлағаннан кейінгі осынша аз уақыт аралығында қолданыстағы демократия үшін бірге күш жұмылдыруын қолдауға тиіспін" деп жазды басылым.
Наурыздағы мәжіліс және мәслихат сайлауынан кейін ЕҚЫҰ-ның тәуелсіз бақылаушылары Қазақстан "демократиялық сайлауға қол жеткізуде ілгерілегенімен", азаматтардың негізгі құқықтары шектеліп жатқанын және кейбір саяси топтар сайлаудан шеттетілгенін айтқан.
Дэниел Кавчински Guardian басылымының "Қазақстанда шынымен демократия бар деп ойлайсыз ба?" деген сұрағына "ЕҚЫҰ-ның тағы төрт бақылаушысы да солай ойлайды" деп жауап берген.
"Ресей мен Қытай сияқты әлемдегі ең авторитар екі диктатура арасында қысылып қалғанын ескергенде, менің ойымша, Қазақстан сияқты демократияға шын ниетімен жылжуға тырысқан елмен өзара қарым-қатынас маңызды деп есептеймін. Ол жақта жас журналистермен, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен және өзге де адамдармен сөйлескеннен кейін олардың едәуір жетістікке ие болып жатқанына көз жеткіздім. Дәл осы сөздерді айттым ба, нақты есімде жоқ" деді Дэниел Кавчински.
Ал Unlock Democracy тобының жетекшісі Том Брейк "Кавчински қаласа да, қаламаса да, оның Қазақстандағы сайлауға сапары мен сөзін "сайлау еркіндік пен демократияны дамыту қадамы болды" деп көрсетуге тырысып келе жатқан қазақ үкіметі сонысын дәлелдеу үшін пайдаланды" дейді.
19 наурызда өткен мәжіліс сайлауының ресми қорытындысы бойынша, мәжілістегі көп орынды биліктегі "Аманат" партиясы алды. Мәжіліске тәуелсіз кандидаттардың басым бөлігі өтпей қалды. Олар дауыс санау кезінде заң бұзылғанын айтқан. Халықаралық бақылаушылар мен тәуелсіз бақылаушылар да дауыс санау, дауыс беру кезінде заңбұзушылықтар болғанын мәлімдеген. Билік сайлау кезінде заң бұзылғанын мойындағанымен, ол фактілер сайлау нәтижесіне әсер етпеді деген.
Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар Қазақстан билігін "азаматтардың негізгі құқықтарын бұзғаны" үшін жиі сынайды. Freedom House құқық қорғау ұйымының "Әлемдегі еркіндік – 2023" атты жаңа есебінде Қазақстан тағы да "еркін емес" елдер қатарында қалды. Құқық қорғаушылардың айтуынша, былтыр елде азаматтық бостандық саласындағы шектеу күшейген, әсіресе бейбіт жиын өткізу құқығы мен сөз бостандығы қатты шектелген. Есеп авторлары биліктің өзін сынаған азаматтарды қудалауы тыйылмағанын жазды.
ПІКІРЛЕР