Accessibility links

СІМ: Қазақстан азаматтары Суданнан эвакуацияланып жатыр, шұғыл қоңырау желісі ашылды


Хартум қаласы.
Хартум қаласы.

Қарулы қақтығыс болып жатқан Суданнан Қазақстанның бірнеше азаматы эвакуацияланды деп хабарлады Қазақстанның сыртқы істер министрлігі.

Суданда бір аптадан бері тұрақты армия мен "Жылдам қолдау күші" әскери тобы арасында қақтығыс жүріп жатыр.

"Бүгінгі таңда Қазақстанның бірқатар азаматы қақтығыс аймағынан эвакуацияланды. Қазақстан азаматтарын Эфиопия мен Сауд Арабиясы Корольдігінің аумағы арқылы эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр" деп жазылған СІМ хабарламасында.

Суданда қанша Қазақстан азаматы жүргені министрлік хабарламасында айтылмайды. Алайда олардың нақты санын анықтау мақсатында және эвакуациялауға көмектесу үшін елшілік жанынан шұғыл қоңырау желісі ұйымдастырылғаны жазылған.

Дүйсенбі күні СІМ Қазақстанның үш азаматы құтқарылғанын мәлімдеген. Оның біреуі БҰҰ-да, енді бірі жапон компаниясында жұмыс істеген. Олар Суданнан әкетілген.

Суданда 25 сәуірге қараған түні енгізілген атысты тоқтату режимі сақталып жатқан жоқ. France 24 телеарнасының хабарлауынша, әуе соққысы тыйылмаған. "Жылдам қолдау күштері" әскери тобы мұнай өңдейтін зауытты басып алғанын хабарлаған. Ал елдер азаматтарын ұшақпен алып кетіп жатыр.

БҰҰ-ның мәліметінше, қақтығыс басталғалы бері кемінде 400 адам қайтыс болған, 4 мыңға жуығы жараланған. Сейсенбі күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл елде қызылша мен тырысқақ індетінің кең тарап кетуі қаупі бар екенін ескертті. Себебі соғысып жатқан тараптың бірі биологиялық зертхананы басып алған.

XS
SM
MD
LG