Accessibility links

Зеленский: Жерімізді алғанына көне отырып, бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін емес


Украина президенті Владимир Зеленский.
Украина президенті Владимир Зеленский.

Жерімізді бере отырып, бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін емес. Украинаның аумақтық тұтастығы 1991 жылғы қалпына келуге тиіс. Сәрсенбі күні Қытай басшысы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Украина басшысы Владимир Зеленский телеграм-арнасында осылай деп жазды.

Украина президентінің сөзінше, бейбітшілік тұрақты болуға тиіс – әділдік, халықаралық құқық пен БҰҰ жарғысына деген құрметке негізделген болуы керек. "Аумағымызды алғанына көне отырып, бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін емес" деді Зеленский.

Ол сонымен бірге тараптар Киев пен Пекинге қатысты маңызды тақырыптарды талқылағанын да атап өтті.

"Тұрақты және әділ бейбітшілікті қалыптастыру үшін ынтымақтастық орнату жолдарына ерекше назар аударылды" деді Украина басшысы.

Зеленскийдің баспасөз хатшысы Сергей Никифоров Украина мен Қытайдың бейбітшілік жоспарының түйіскен тұстары бар, атап айтқанда, ядролық қаруды қолданбау мәселесі бойынша екі жақтың пікірі бір жерден шықты деп хабарлады.

Соғыс басталғалы бері Владимир Зеленский мен Си Цзиньпиннің алғаш сөйлесуін Ақ үй жылы қабылдады. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің стратегиялық коммуникациялар бойынша үйлестірушісі Джон Кирби келіссөзді жағымды жаңалық деп атады. "Дегенмен бұл әңгімеден кейін қақтығысты бейбіт реттеу мәселесінде ілгерілеушілік бола ма, жоқ па – ол жағы белгісіз" деді Вашингтон өкілі.

"Кирбидің сөзінше, АҚШ екі ел басшысы телефонмен сөйлескелі отырғанын алдын ала білмеген" деп жазды "Америка дауысы" сайты.

Ресей СІМ Мәскеу Пекиннің Украинамен келіссөз процесін орнатуға күш салуға дайын екеніне куә болып отырғанын жеткізді. Дегенмен министрліктің өкілі Мария Захарова "Вашингтон басқаратын Киев бейбітшілікке үндеулерді дұрыс қабылдай алатынына күмәніміз бар" деді.

Си Цзиньпин Зеленскиймен телефон әңгімеден кейін Қытай келіссөз процесі мен атысты аз уақыт аралығында тоқтатуға барынша күш салатынын айтты.

Бұған қоса, Ресеймен қарулы қақтығысты реттеу үшін Пекин Киевке өз делегациясын жіберетінін айтты. Әзірше толық емес мәлімет бойынша, Қытай миссиясына Мәскеудегі бұрынғы қытай елшісі Ли Хуэй жетекшілік етуі мүмкін. Ол Ресейде 2009-2019 жылдары қызмет істеген.

  • Ақпан айында Қытай соғысты аяқтау жоспарын таныстырған. Пекин атысты тоқтатуды, бейбіт келіссөзді бастап, гуманитарлық дағдарысты жоюды ұсынған. Сыншылар құжатта жалпы нәрселер жазылғанын, қақтығысты шешудің нақты қадамдары болмағанын айтқан.
XS
SM
MD
LG