Accessibility links

Алтын өндірісіне наразы ауыл халқы ШҚО әкіміне бейнеүндеу жолдап, "қоғамдық тыңдаудың" күшін жоюды талап етті


Алтын фабрикасының салынуына наразылық білдіріп тұрған Маралды ауылының тұрғындары. ШҚО, 7 сәуір, 2023 жыл.
Алтын фабрикасының салынуына наразылық білдіріп тұрған Маралды ауылының тұрғындары. ШҚО, 7 сәуір, 2023 жыл.

Ашық әдіспен кен өндіруге және алтын фабрикасын салуға наразылық білдіріп келе жатқан Шығыс Қазақстан облысы Маралды ауылының халқы 26 сәуірде облыс әкімі Даниал Ахметовке тағы да бейнеүндеу жолдады. Олар бір ай бұрын өткізген қоғамдық тыңдауды заңсыз деп танып, хаттаманың күшін жоюды талап етті. Әкім бұған әлі реакция білдірген жоқ.

"28 наурызда "алтын өндірудің қоршаған ортаға ықтимал әсері туралы Maralicha тау-кен компаниясының есебі" деген қоғамдық тыңдау болды. Біз сол жиындағы хаттаманың күшін жоюды талап етеміз. Ұсынылған хаттама шындыққа сәйкес келмейді деп есептейміз. Сол отырысқа 100-ден астам адам қатысты, қоғамдық тыңдау кезінде тұрғындар кәсіпорынның қоршаған ортаға әсері жөнінде сұрақтарын қойды, бірақ жауап ала алмады және сұрақтары хаттамаға енгізілмеді. Сондай-ақ тұрғындардың нормативтік-құқықтық актілерге келісімі және хатшыны таңдауы бойынша дауыс беру фактілері жоқ, бұл сөзімізге бейнежазба дәлел болады" деді жиылған топ ортасында үндеуді оқыған адам.

Олар "Күршім ауданының әкімі бұл алдын ала тыңдау екенін, алдағы уақытта негізгі тыңдау болатынын, сұраққа нақтырақ жауап беретінін айтып, сөз сөйлеушілерге шектеу қойып, сөз бермей, жаңылыстырды" деді.

"Тұрғындардың пікірімен санаспаса, сұрақтарына жауап алмаса, бұл қоғамдық тыңдаулардың қажеті барына күмәніміз бар" дейді бейнеүндеу жолдаушылар.

Аудан әкімі Азаттық тілшісіне өзіне бағытталған айыптауларды терістеп, "жалған" деді. Сонымен бірге әкім 28 наурызда болған осы қоғамдық тыңдаудың заңды күші жоқ" деді.

"Расымен де қоғамдық тыңдау алдын ала және негізгі деп аталатын екі кезеңнен тұрады. Алдын ала қоғамдық тыңдауда халық тарапынан тақырыпқа қатысы жоқ сұрақтар болды. Бірақ жер қойнауын барлаушы компанияның өкілдері де тиісті сұрақтардың көбіне жауап бере алмады. Сондықтан мен бүгін сұрақты жазып алып, алдағы тыңдауда нақты ақпарат беріңіздер деп соларға қарата айтқанмын. Негізгі қоғамдық тыңдау 15 маусымға белгіленген. Алдағы күндердің бірінде ауылға барып, осыны түсіндіремін. Бір айта кететіні, 28 наурыздағы алдын ала қоғамдық тыңдауға бастамашы компания құжатты қайтарып алды, яғни ол тыңдау өтпеді деп танылады, заңды күші жоқ. Осыған байланысты ресми түсініктеме де әзірлеп жатырмыз, дайын болғанда таратамыз" деді Алмат Ақышов телефон арқылы.

Ал Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов үндеуге жария түрде жауап берген жоқ.

Азаттық тілшісі әкімдік өкілінен "жауап бола ма?" деп сұраған, бірақ ол ресми сауалхатпен ғана жауап бере алатынын айтты.

Сөз болып отырған 28 наурыздағы қоғамдық тыңдауда Maralicha тау-кен кәсіпорынының өкілі ауыл маңындағы кеніштен алтын кенін өндіруді көздеп отырғаны, жұмыстары экологияға "зиянсыз" болатыны туралы баяндама оқыған. Халық ауыр техникалар шаруашылыққа жарамды жерлердің "қорыс-қопасын шығарды" деп, кенді ашық әдіспен алуға наразылық білдірген.

Маралды ауылы маңында 2013 жылдан бері барлау жүргізген Maralicha, Maralicha-Gold деген компаниялар енді кен өндіруді көздейді. Ал "ВСАМ Продакшн" деген компания алтын өндіретін фабрика салмақ. Олар кеннен алтын-күміс қорытпасын цианид қоспасымен ажыратып алмақ. Халық "цианид – у" деп, бұл фабрикаға да қарсы болып келеді. Олар бұдан бұрын да облыс әкіміне үндеу жолдап, іске араласуды сұраған. Даниал Ахметов сәуірде журналистерге берген брифинг барысында "фабрика жұмысы заңды болса, салынады, заңсыз болса, салынбайды" деп екіұшты жауап берді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG