Accessibility links

Журналистерді қорғау комитеті қырғыз билігінен Азаттыққа қатысты сот шешімін жоюды талап етті


Штаб пәтері Нью-Йоркте орналасқан Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) "Азаттык Медиа" жұмысын тоқтату жөніндегі сот шешіміне алаңдайды.

– Қырғызстандағы танымал әрі сенімді ақпарат көзі деп есептелетін Азаттық радиосын жабу тәуелсіз БАҚ-қа үрей туғызатын белгі беріп жатыр. Бұл әрі билік елін қандай бағытта басқарғысы келетінін көрсетеді. Билік бұл сот шешімін тез арада жоюға атсалысып, интернет-басылымның еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі керек, – деді ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Гүлназа Саид.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай сот шешімі туралы пікірін білдірді:

"Азат Еуропа/Азаттық радиосы сот шешіміне қарсы шағымданады. Тарих көрсеткендей, шынайы ақпаратқа қол жеткізгісі келетін адамдар бәрібір жолын табады".

27 сәуірде Бішкек соты ақпарат құралы ретінде Азаттықтың Қырғыз қызметінің ("Азаттык Медиа") жұмысын тоқтату туралы өтінішті орындаған. Сотқа өтінішті Қырғызстан министрлігі түсірген.

23 қаңтарда Қырғызстан мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі сотқа шағым түсіріп, Азаттықтың Қырғыз қызметінің (Азаттык Медиа) жұмысын тоқтатуды талап еткен. Мекеме өкілдері шағымда Азаттық сайтын жабуға түрткі болған қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс туралы "Настоящее время. Азия" арнасының бағдарламасы жойылмағанын және әлеуметтік желіде таратылып жатқанын айтқан.

Шағым түсіруші тарап "Азаттык Медиа" заңға қайшы әрекет етіп отырғанын, "БАҚ туралы заңда" соғысты насихаттауға тыйым салынғанын алға тартқан.

Халықаралық ұйымдар, саясаткерлер, жүздеген қырғыз азаматы Азаттықтың еркін ақпарат таратуына мүмкіндік беруді талап еткен.

Азаттық сайты мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің шешімімен Қырғызстан аумағында 2022 жылғы 26 қазаннан бері бұғатталып келеді. Ведомство өкілдері "заңға қайшы" материал өшірілмейінше, бұғаттау туралы шешім күшінде болатынын айтқан. "Азаттык Медиа" алғашқы күннен-ақ бұл шешімді мойындамайтынын мәлімдеп, ол заңсыз екенін дәлелдеуге тырысқан.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті әрі бас директоры Джейми Флай қырғыз Азаттығының жұмысын жалғастыру үшін барлық құқықтық тетікті пайдаланатынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG