Еурокомиссия Орталық Еуропа елдерімен Украинадан астық және өзге де азық-түлік түрлерінің импортын шектеу бойынша келісімге келді. Келісім бес елге қатысты: Польша, Венгрия, Румыния, Словакия және Болгария. Бұған дейін аталған елдер біржақты түрде Украинадан ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға эмбарго енгізген.
Сауда мәселелері жөніндегі еурокомиссар Валдис Домбровскистің айтуынша, Еуроодақ Украина қоймаларында қалып қойған астықты әкелу үшін шұғыл шараларды қолға алады. Ал одан кейін Украинадан бидай, жүгері, күнбағыс, рапс импорты қатаң шектеледі. Еуроодақ сонымен бірге Украинаның ауыл шаруашылығын қолдау үшін шамамен 100 млн еуро бөледі. Олар біржақты импорт шектеулерін алып тастап, Еурокомиссиямен ақылдаса отырып әрекет етуі керек.
Дегенмен Украина ауыл шаруашылығы өнімдерін Еуропа арқылы Африка және Таяу Шығыс елдеріне тасымалдай береді.
Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен келісімді мақұлдады. "Украина экспорттау мүмкіндігін сақтап қалады, әрі қарай да дүниежүзін асырай береді, фермерлеріміз зардап шекпейді" деді ол.
Еуроодақ 2022 жылы мамырда Украина экономикасын қолдау мақсатында енгізілген астық тасымалдау квотасы мен төлемдердің күшін жойған. Украинаның дәнді дақылдан басқа ауыл шаруашылығы өнімдеріне (қант, құс еті, жұмыртқа, күнбағыс майы және тағы басқа) берілген квоталар да алып тасталды.
Бастапқыда Польша және өзге де шекаралас елдер арқылы тасымалданатын астықтың негізгі бөлігі Азия және Африка елдеріне жіберіледі деген. Алайда іс жүзінде Польша, Венгрия мен Румынияда украин өнімдері жергілікті өндірушілермен бәсекеге түсіп, тұрып қалған.
Бұл Украинамен шектесетін елдер фермерлерінің наразылығын туғызған. Баж салығы алынбаған арзан украин өнімдері нарыққа келген соң, жергілікті фермерлердің өнімі бәсекеге төзімділігін азайтқан. Олар шығынға батқысы келмегендіктен, өнімді арзандатқысы келмеген. Польшада фермерлер наразылығы өтіп, ауыл шаруашылығы министрі Хенрик Ковальчик отставкаға кетті.
Сәуірдің ортасында Польша, Венгрия, Болгария және Словакия украин өнімдеріне уақытша тыйым салған, осыған ұқсас шараны Румыния да қарастыра бастаған.