Бас прокуратура "Өзенмұнайгаз" тендерлерінің "заңдылығын" тексеретінін мәлімдеді. Ведомствоның мұндай мәлімдемесі Жаңаөзен мұнайшыларының Астанадағы наразылығынан шамамен екі апта уақыт өткеннен кейін жарияланып отыр.
Бас прокуратураның хабарлауынша, "мердігер кәсіпорын жұмысшылары еңбек жағдайының нашарлауы мен жалақының азаюын" тендер мәселесінен көреді.
Ведомствоның ақпаратына қарағанда, “Өзенмұнайгаздың” тендерлері мен қаржы құжаттарын тексеру үшін Маңғыстау облысына жұмыс тобы да барған. Бір мезетте "Жаңаөзен мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына талдау жүргізілетіні” айтылды.
Қазір Жаңаөзенде “Өзенмұнайгаз” кеңсесі алдында 100-ден астам мұнайшы наразылықты жалғастырып жатыр. Олар лайық еңбекақысы бар, еңбек жағдайы сақталған тұрақты жұмыс талап етеді. Бір күн бұрын олар "Өзенмұнайгазда" заңсыздықтар анықталғаны туралы мәлімдемелерге әлі де күмәндана қарайтынын, шын мәнінде заңсыздықтар одан да көп екенін айтқан.
Бұған дейін ҚМГ-ның арнайы комиссиясы “Өзенмұнайгаз” бен оған еншілес мекемелерден адамдарды жұмысқа заңсыз алу, мұнай өндіретін жабдықты жалға алу құнын асыра көрсету және тағы да басқа “заңсыздықтар” анықталғанын хабарлаған.
- Сәуірдің басында "Өзенмұнайгаз" компаниясының мердігері "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорны тендерде жеңіліп, 100-ден астам адам жұмыссыз қалды. Жаңаөзенде жұмыс талап кеткен мұнайшылар 10 сәуірде Астанаға келді. Бір тәулік энергетика министрлігі алдында қонған мұнайшыларды 11 сәуірде кешке қарай полицияның арнайы жасағы күштеп ұстап әкеткен. Бұдан соң Жаңаөзен мен Ақтау тұрғындары көшеге шығып, ұсталғандарды босатуды талап етті. Алматы мен Астанада және өзге де өңірлерде белсенділер ұсталған мұнайшыларды босатуды талап етті.
- 12 сәуірде таңертең мұнайшылардың көбі пойызбен Жаңаөзенге қайтарылып, 10 адам келісім жүргізу үшін Астанада қалған. 20 сәуірде мұнайшылар ҚМГ келіссөзді тоқтатқанын, талаптары әлі орындалмағанын жеткізген. Ал ҚМГ "арнайы комиссия" құрылғанын, Жаңаөзенде мұнай-газ саласындағы кәсіпорындардың жұмысы тексерілетінін мәлімдеген.
- Астанадан Жаңаөзенге оралған наразы мұнайшылар "Өзенмұнайгаз" алдына қайта жиналып, тұрақты жұмыс талап еткен акцияны жалғастырған. Олардың сөзінше, содан бері оларға компаниядан және жергілікті биліктен талаптарын тыңдау үшін ешкім келмеген. Осыған дейін олар "бізді әкімдік пен прокуратура өкілдері таратуға тырысты" деп хабарлаған.
ПІКІРЛЕР