Маңғыстау облысында екі қарақалпақ белсендісі ұсталды деп хабарлады "Шырақ-2014" ақпараттық орталығына сүйенген Адам құқығын қорғау бюросы.
Ақпаратқа қарағанда, белсенділер 28 жастағы Бегдияр Халықоразов пен 26 жастағы Алпамыс Аллаяровты полиция 28 сәуірде Маңғыстау облысында типографияға "Қарақалпақтар Қарақалпақстан Республикасы аумағындағы Өзбекстан референдумына қарсы" деп жазылған баннерге тапсырыс бермек болған кезде ұстаған. Екі белсенді Қазақстан аумағында заңды тұрып, жұмыс істеп жатыр деп жазды сайт.
Әзірге ақпаратқа Маңғыстау полициясы түсініктеме бермеді.
Қарақалпақ белсенділері ұсталғаны туралы ақпарат 30 сәуірге белгіленген Өзбекстандағы конституцияға өзгеріс енгізу туралы референдум қарсаңында хабарланып отыр.
Адам құқығын қорғау бюросы Қарақалпақстан астанасы Нөкісте де құқық қорғаушы Манас Қазақбаев қамалғанын жазды.
30 сәуірде Өзбекстанда конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтеді. Сарапшылар жаңа өзгерістер күшіне енсе, президент Шавкат Мирзияевтың билігі 2040 жылға дейін ұзаруы мүмкін дейді.
Былтыр шілдеде Қарақалпақстанның автономия мәртебесін өзгерту туралы ұсыныс жергілікті халық арасында қарсылыққа ұшырап, қантөгіс болған. Кемінде 21 адамның өмірін қиған қантөгістен кейін билік аталған өзгерістерден бас тартқан.
Өзбекстан туралы ақпарат тарататын кейбір тәуелсіз сайттардың жазуынша, Қарақалпақстандағы наразылық былтыр күшпен басылып-жаншылып, оған қатысушылар қуғынға ұшырап, азапталса да, қарақалпақ халқы президенттің өкілетін ұзартуға мүмкіндік беретін конституция өзгерістеріне қарсы.
29 сәуірде оппозициялық "Бәсе" телеграм-арнасы Қазақстан мен Қарақалпақстан шекарасында, Бейнеу жақтағы бекетте ұзын-сонар кезек пайда болғанын, "митинг болатыны" жайлы сыбыстан кейін Өзбекстан Қазақстанмен шекарасын "жауып тастағанын", тіпті өзбек азаматтарын елге кіргізбей жатқанын хабарлады.
Lada сайтының хабарлауынша, Қазақстан ҰҚК шекара қызметі "Тәжен" шекара бекеті жұмыс істеп тұрғанын хабарлап, ұзын-сонар кезек "Ресейге жұмысқа тұруға барғысы келетін өзбек азаматтары көбейгенінен" деп түсіндірген.
Былтыр Қарақалпақстандағы наразылықтан кейін Қазақстанда да Өзбекстан билігінің сұрауымен қарақалпақ белсенділері ұсталғаны хабарланған. Қошқарбай Төремұратов, Жангелді Жақсымбетов, Раиса Құдайбергенова, Зиуар Мирманбетова мен Тілеубике Юлдашева қазір тергеу изоляторларында отыр. Қазақстан билігі олардың босқын мәртебесін беру туралы өтінішін әзірге қанағаттандырмаған.
"Бұл азаматтардың басым көпшілігінен өзбек билігі шілде айының басындағы Қарақалпақстан оқиғасынан кейін "конституциялық құрылысқа нұқсан келтірмек болды" деп күдіктеніп отыр " деген еді Азаттыққа Адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының өкілі Гүлмира Қуатбекова.
Осыған дейін Қазақстанда қарақалпақ белсенділерінің ұсталуына алаңдаған халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстанды қарақалпақ белсенділерін Өзбекстанға бермеуге үндеген. Ұйым Қазақстан билігіне халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін еске салып, халықаралық құқыққа сәйкес, кез келген адамды елінде қауіп күтіп тұрса, күштеп қайтаруға болмайтынын ескерткен.
ПІКІРЛЕР