Украина президенті Владимир Зеленский Финляндия, Швеция, Дания және Норвегия журналистеріне берген үлкен сұхбатында Украина шабуылға шығып, Ресей басып алған жерлерді азат ететініне сенімдімін деп мәлімдеді.
Зеленский Украинаға қару-жарақ жеткізу мәселесінің маңызы зор екеніне тоқталған. "Шабуыл қашан және қалай болатынын нақты айта алмаймын. Иә, көп жайт бізге байланысты екені рас, бірақ қару-жарақ түрлерін жеткізу мәселесі де бар. Біз адам өмірін барынша сақтауға тырысамыз, сол себепті қару-жарақтың маңызы өте зор" деді Зеленский. Оның сөзінше, Украинаға қару-жарақ жеткілікті берілмесе, соғыс ондаған жылға созылуы мүмкін.
Алайда, Зеленскийдің сөзінше, Украина бізге F-16 ұшағы қашан беріледі деп күтіп отыра алмайды. "Жоқ, олай емес. Біз бастай береміз" деді Украина президенті. Әзірге Украинаға F-16 ұшағын береміз деп ешкім айтқан жоқ. Украина бұған дейін Батыстағы серіктестерінен әскери ұшақ сұраған.
Зеленский Ресей 2014 жылы аннексиялаған Қырымды да Украинаға қайтаратынына сенімді. Ол 1939-1940 жылдардағы Совет Одағы мен Финляндия соғысын еске алып, "Украина тәуелсіздігін сақтап қалу үшін жерінің бір бөлігін амалсыз берген Финляндия секілді бола алмайды" деді.
Зеленский былтырғы көктемнен бері Ресей "әсіресе моральдық тұрғыдан қатты әлсіреді" деп есептейді. "Ресей – қуатты мемлекет, қару-жарағының да түр-түрі бар, бірақ моральдық тұрғыдан көп нәрсе өзгерді... Олар өлгісі келмейді, екпіні қайтып, рухы құлап қалды. "Екі-үш күнде Киевті алып, оп-оңай аяқтай саламыз" деп ойлап, енді не боп кеткенін түсінбей қалды... Олар моральдық тұрғыдан сынды" деп мәлімдеді Украина президенті.
Зеленский сұхбатының үзінділерін көрген Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев әдеттегі стилінде "Украина қарулы күштеріне күйрете соққы беріп, Киевтегі нацистік режимге біржола нүкте қоюға" үндеді.
ПІКІРЛЕР