Accessibility links

Ресей Украинаға тағы ракета жаудырды. Қаза болғандар бар


Павлоград қаласына жасалған ракета соққысының салдары.
Павлоград қаласына жасалған ракета соққысының салдары.

1 мамырға қараған түні Украинаның Днепропетровск облысындағы Павлоград қаласына Ресей әскері ракетамен соққы жасады: 25 адам зардап шекті, үшеуі – бала. Бұл жөнінде облыстық әкімшілік жетекшісі Сергей Лысак хабарлады.

Оның сөзінше, Ресей әскері қанатты ракеталармен шабуыл жасаған, жетеуі атып түсірілген.

"Бірақ түскендері де бар. Ракеталардың бірі кәсіпорынға түсіп, өрт басталған. Тұрғындар тұратын 19 көпқабатты үй, 25 жеке үй, алты білім беру мекемесі, бес дүкен бүлінген" деп жазды Лысак.

Бұған қоса, бірнеше ауданда шамамен 40 тұрғын үй мен мектеп бүлінген деп хабарлады Днепропетровск әкімшілігінің жетекшісі.

Павлоград қаласына соққы жасалғаны жөнінде ақпарат тарағаннан кейін әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады. Кей ақпаратқа қарағанда, соққы оқ-дәрі қоймасына жасалған. Жарылыс толқынының салдарынан пәтерлер мен үйлер бүлінген.

Қала әкімшілігінің телеграм-арнасында тұрғындарға үйден шықпауға кеңес берілді. Оқиға туралы өзге ақпарат жарияланған жоқ.

Соғыс жағдайында бұл мәліметтерді тексеру мүмкін болмай тұр.

Лысактың хабарлауынша, Ресей әскері Днепропетровск облысын атқылағаннан кейін бір адам қаза тауып, екі адам жараланған.

Ауыр артиллерияның соққысы салдарынан алтықабатты тұрғын үй және алты жеке үй бүлінген. Бірнеше қора-жай, екі газ және электр желісі бұзылған.

Өткен түні Ресей әскері Херсон облысын ракетамен атқылағаннан кейін бір адам қаза болған. Бұл жөнінде облыстық әскери әкімшілік мәлімдеген.

Украина әскері 1 мамырға қараған түні орыс әскері Украинаны стратегиялық авиация көмегімен атқылағанын растап, Ресей әскері 18 қанатты зымыран жібергенін хабарлады. 15-і атып түсірілген.

Бұған дейін Киев әкімшілігі Киевке жіберілген ракеталардың бәрі атып түсірілгенін хабарлаған.

Ресей қорғаныс министрлігі әзірге түсініктеме берген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG