Алматыда 1 мамыр күні полиция бейбіт наразылыққа жиналғандарды ұстады. Қалада митинг өтеді деп жоспарланған Орталық саябақта полиция күзеті күшейді.
Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, елде қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының (Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды) жетекшісі Мұхтар Әблязов жұртты осы жерге наразылыққа шақырған.
Ол Қытай азаматтарының Қазақстанға визасыз кіру режиміне қарсылық білдіруге, Қазақстанның ҰҚШҰ мен Еуразиялық экономикалық одақтан шығуын талап етуге үндеген.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Алматыдағы митингіге 20 шақты адам жиналған. Оларға прокурор келіп, митинг заңсыз екенін ескертіп, тарауды талап еткен. Кейін жиналғандар тарамаған соң, арнайы жасақ оларды күштеп ұстап, автозакқа салып әкетті. Полиция белсенділерді не үшін ұстағанын түсіндірмеді. Ұсталғандардың бірі "оян, қазақ!" деп айқайлады. Тағы бір адам "не үшін ұстап жатсыңдар, олар не істеді?" деп полицияға жанұшыра айғайлағанымен, орган өкілдерінің ешкімі оған жауап бермеді.
Ал Астанада "оппозиция митингісі өтеді" деген аумақты полиция тұтас қоршап тастады. Полиция машиналары өте көп. Азаттық тілшісі он шақты автобус, алты-жеті полиция машинасын көрді. Адам құқығын қорғау бюросының заңгері Артур Алхастов бір адам ұсталғанын көрген, бірақ оның аты-жөнін білмейтінін айтты.
Астанада полиция тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының мүшесі Марат Жыланбаевты жолда тоқтатып, Алматы аудандық полиция бөлімшесіне әкетті. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, полиция "Жыланбаев жол ережесін бұзғаны жөнінде әлдекімнен қоңырау" түскенін айтып, хаттама толтыру үшін бөлімшеге бару керегін айтқан.
Жыланбаев бұған дейін әлеуметтік желідегі парақшасында 1 мамырда Астанадағы Кенесары хан ескерткіші маңында марафоннан шеберлік дәрісін өткізетінін жариялаған. Осыған дейін Әблязов та митинг дәл осы ескерткіш маңында өтетіні хабарлаған еді.
Жыланбаев шақырған жерге "жүгірудің тәсілін үйренеміз" деген бірен-саран адам жиналды. Оларды полиция біраз бақылап тұрды. Марат Жыланбаевтың ұсталғанын естіген топ "полициядан қорықпаймыз, тарқап кетпейміз. Маратқа қолдау білдіріп, өзіміз жүгіреміз" деді.
#NotExtremists телеграм-арнасы Астанада азаматтық белсенді Эльвира Бекзадина ұсталғанын жазған.
Сондай-ақ Астанада полиция "Власть" сайтының тілшісі Бейімбет Молдағалиді ұстап, кейін босатқан. "Власть" сайтының жазуынша, тілшіні Сарыарқа аудандық полиция бөлімшесінде суретке түсіріп, саусақ іздерін алған. Басылым тілшіге қысым жасалғанына байланысты полицияға шағым түсіретінін хабарлады.
Қазақстан билігі осыған дейін Қытаймен арада 30 күндік визасыз режим енгізетінін мәлімдеген. Кейбір белсенділер Қытай азаматтарына визасыз режим енгізсе, елге қытайлықтар келіп, заңсыз қалып қояды деп қауіптенеді.
Оппозиция мен белсенділер Ресейдің ықпалы күшті Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтан шығуды да талап етеді.
Ресеймен және Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатқан Қазақстан билігі бұдан еш қауіп көрмейді.
Қазақстанда жұрт қандай да бір наразылық шарасын өткізу үшін әкімдіктен рұқсат алуға тиіс. Әкімдік рұқсат етілмеген митингілер заңсыз деп танылады және қатысушыларын полиция күштеп ұстап, кейін әкімшілік жазаға тартады.