Оңтүстік Африка Республикасының билігі Ресей басшысы Владимир Путиннен осы жазда Оңтүстік Африкада өтетін БРИКС саммитіне келмеуді сұрады. Оған Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путинді Украинадағы әскери қылмысы үшін айыптап, оны тұтқындауға ордер бергені себеп болды. Бұл жөнінде оңтүстікафрикалық Sunday Times басылымы жазды.
Оңтүстік Африка Республикасы – Рим статутына қол қойған елдердің бірі. Сондықтан ол ХҚС шешімін орындауға міндетті.
"Бізде Путинді тұтқындаудан басқа амал жоқ. Егер ол келсе, тұтқындауға мәжбүрміз" деді ОАР үкімет өкілі басылымға.
Sunday Times басылымының жазуынша, өткен аптада ОАР президенті Сирил Рамапоса Путинге ордер берілуіне байланысты биліктің әрекетін зерттейтін арнайы комитет жетекшісін тағайындаған. Оған вице-президент жетекшілік етеді.
Басылымның дереккөзінің айтуынша, комитетте Путинді Мәскеуден видеобайланыс арқылы саммитке қатыстырудан басқа амал қалмаған.
Аты-жөнін атамаған жоғары лауазымды шенеунік басылымға бұл бойынша Претория Мәскеумен келіссөз жүргізіп жатқанын растаған.
Наурыздың аяғында Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей президентінің Дурбандағы саммитке қатысатыны жөнінде шешім қабылданбағанын айтқан.
- Оңтүстік Африка Республикасы Мәскеумен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Кремль кезінде басқарушы "Африка ұлттық конгресі" партиясының апартеид режимімен күресін қолдаған.
- Былтыр Ресей Украинаға басып кірген кезде ОАР Мәскеудің әрекетін айыптамаған. Ол бейтараптық ұстанымда қалатынын айтып, соғысты диалогпен шешуді қолдаған.
- 17 наурызда Халықаралық қылмыстық сот Владимир Путинді тұтқындауға ордер берген. Ол Украинаның Ресей басып алған аумағынан балаларды заңсыз тасымалдады деп айыпталып отыр. Осыған ұқсас ордер Ресейдегі бала құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен Мария Львова-Беловаға да берілді. Шешімді АҚШ, Еуроодақтың басым бөлігі мен Украина қолдаған.