Accessibility links

Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясы: Конституцияның жаңа нұсқасы күшіне енді


Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Өзбекстан Конституциясының 30 сәуірдегі референдумда қабылданған жаңа нұсқасы күшіне енгенін мәлімдеді.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, заң 2023 жылғы 1 мамырда күшіне енген.

Мұның алдында комиссия жексенбідегі референдумға сайлаушылардың 84,54 пайызы қатысып, 90,21 пайызы жаңа заңды қолдап дауыс бергенін хабарлаған.

Конституцияның жаңа нұсқасында Өзбекстан президентінің мерзімі бес жылдан жеті жылға дейін ұзартылды. Заңның осы бабы негізінде қазіргі президент Шавкат Мирзияев тағы екі рет (14 жыл) мемлекет басқара алады.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 1 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Қырғызстан басшысы Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлескен.

Қазақстан президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тоқаев Мирзияевты Конституцияға түзету енгізу жөніндегі референдумды сәтті өткізуімен құттықтаған.

Жапаров та Мирзияевты "конституциялық референдумның сәтті нәтижесімен және осы шараны халықаралық стандартқа сәйкес өткізуімен" құттықтаған.

65 жастағы Шавкат Мирзияев 2021 жылғы қарашада президент қызметіне екінші рет сайланған. Оның қазіргі мерзімі 2026 жылы аяқталады. Жаңа конституциялық заң қабылданғаннан кейін президент сайлауы өтетін күн өзгерер-өзгермесі әзірге белгісіз.

Сенат төрағасының бірінші орынбасары Садық Сафаев жаңа заң қабылданғаннан кейін Мирзияев мерзімі "өшіріледі", ол тағы екі мерзімге президент болып сайлана алады деп мәлімдеген. Жаңа Конституция президент өкілетін 2040 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді.

Мирзияевтың өзі әзірге үшінші президент мерзіміне қатысты жоспарын жариялаған жоқ.

Шенеуніктер конституциялық өзгерістерді Мирзияев билікке келген уақытта басталған реформаларды жалғастырудағы маңызды қадам деп сипаттап отыр.

Сарапшылардың пікірінше, осы уақытқа дейін реформалар әулеуметтік және экономикалық салалармен ғана шектелген, ал саяси салада ешқандай маңызды реформа жасалмаған. Халықаралық ұйымдар Өзбекстанда авторитар жүйе сақталды деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG