Accessibility links

БҰҰ-ның жұмыс тобы Жанболат Мамайды "жөн-жосықсыз бостандығынан айырған" деп есептейді


Дауыс үдеткішпен сөйлеп тұрған Жанболат Мамай. Алматы, 2021 жыл.
Дауыс үдеткішпен сөйлеп тұрған Жанболат Мамай. Алматы, 2021 жыл.

Тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" жетекшісі Жанболат Мамайдың ісі бойынша есеп әзірлеген БҰҰ-ның жұмыс тобы оны "жөн-жосықсыз бостандығынан айырған" деген қорытындыға келген. Бұл жөнінде белсендінің әйелі Инга Иманбай хабарлап, жұмыс тобының шешімін телеграм-арнасында жариялады. Ақпаратқа қарағанда, жұмыс тобына есепті әзірлеу туралы өтінішті қазақстандық құқық қорғаушы Анар Ыбыраева берген.

10 сәуірде Алматы соты "Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен Жанболат Мамайға алты жыл шартты жаза кескен. Жанболат Мамайға "билік өкілін қорлады", "жалған ақпарат таратты" деген айыптар да тағылған. Саясаткер бұл айыптарды мойындамайды. Құқық қорғаушылар Мамайдың ісі саясиланғанын айтқан.

БҰҰ-ның жұмыс тобы өз есебінде Мамайды "жөнсіз бостандығынан айырғанын", себебі белсенді Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 19-20-баптарында кепілдік берілген құқық пен еркіндікті жүзеге асыруға тырысып, қудалауға ұшырағанын жазған.

"Жұмыс тобы Қазақстан үкіметінен Мамай мырзаның жағдайын дереу түзеу мақсатында шұғыл шара қолдануды және оны халықаралық нормаға, оның ішінде Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге сәйкестендіруді сұрайды" деп жазылған хабарламада.

Жұмыс тобы Мамайды дереу босатып, оған халықаралық құқыққа сай өтемақы төлеу қажет деп есептейді.

Жұмыс тобы белсендіні қорғау тарабы мен Қазақстан үкіметіне сұрақтар бағыттаған. Әсіресе оның бостандығы мен өтемақысына қатысты Қазақстан заңнамасын халықаралық нормаға сәйкестендіру мәселесі бойынша сұрақтар қойып, алты ай ішінде жауап беруді сұраған. Егер жауап берілмесе, жұмыс тобы "осы пікір бойынша" жеке шара қолдануға құқығы барын ескерткен.

Жұмыс тобының есебі белсендінің апелляциялық шағымы қаралатын шақта жарияланып отыр.

"Ірі халықаралық құқық қорғау ұйымдары "Демпартия" жетекшісінің қылмыстық қудалануына байланысты пікірін айтып қойды. Қазақстан үкіметі БҰҰ-ның Жанболат Мамай ісі бойынша айтқан беделді пікірін жоққа шығармауы керек" деп жазылған есепте.

Жанболат Мамайға шыққан үкімді халықаралық ұйымдар сынаған. HRW 12 сәуір күнгі мәлімдемесінде "Қазақстан билігі күн тәртібінде тұрған реформалары туралы айтқан кезде оның халықаралық әріптестері Мамайдың мәселесін қозғауға тиіс" деп жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG