Сейсенбіде Украинаның Жоғарғы радасы "Ресей Федерациясы саяси режимінің рашизм идеологиясын қолдануы және рашизмнің тоталитар әрі адамзатты жек көретін қағидалары мен практикасын айыптау туралы" қаулы қабылдады
Рада депутаты Алексей Гончаренконың сөзіне қарағанда, қаулыны 281 депутат қолдап дауыс берген.
Жоғарғы рада төрағасы Руслан Стефанчук Facebook-тегі парақшасына: "Бүгін маңызды мәлімдеме қабылданды. Украина Жоғарғы радасы рашизмді Ресей Федерациясының мемлекеттік саясатына айналған идеология және практика деп айыптады", – деп жазды.
Рада қабылдаған құжатта соғыс "Владимир Путиннің саяси режимінің шын мәнін бұрынғы ең нашар тәжірибеге еліктейтін және Ресей фашизмінің (рашизм) қазіргі нұсқасында орыс фашизмі мен ұлтшыл-социализм идеяларын қамтитын неоимперияшыл, тоталитар диктатура ретінде көрсетіп берді" деп жазылған.
Украина парламенті БҰҰ-ны, Еуропарламентті, Еуропа кеңесі мен ЕҚЫҰ-ның парламенттік ассамблеяларын және жекелеген мемлекеттердің үкіметтері мен парламентттерін "рашизм идеологиясы мен саясатын айыптауды қолдауға" үндеген.
Жоғарғы рада халықаралық қауымдастықты Ресейдің әскери-саяси басшылығын Украина мен оның халқы алдындағы қылмысы үшін жауапқа тартуға да шақырып отыр.