Accessibility links

Ақтауда белсенді Нөкіс оқиғасы бойынша сотталғандарды босатуды талап етіп, аштық жариялады


Қарақалпақ журналисі Дәулетмурат Тәжімұратов
Қарақалпақ журналисі Дәулетмурат Тәжімұратов

Ақтау қаласында қарақалпақ белсендісі Қуанышбай Қаниязов Өзбекстанда Нөкіс оқиғасына байланысты ұзақ жылға сотталған Дәулетмұрат Тәжімұратов пен өзге де ұсталғандарды босатуды талап етіп, аштық жариялады.

3 мамырда әлеуметтік желіде жарияланған видеода Қаниязов "құқық қорғау ұйымдарына", сонымен бірге ЕҚЫҰ мен БҰҰ Адам құқығы комитетіне үндеу жасап тұр.

"2022 жылы өзбек билігі Конституцияны өзгерткісі келді. Оған жүздеген мың қарақалпақ азаматы қарсы шықты. Олардың арасында Дәулетмұрат Тәжімұратов пен тағы жүздеген адам болды. Оларды Өзбекстанда түрмеге қамап тастады. Олардың еш кінәсі жоқ. Оларды бостандыққа шығаруды талап етемін. Сол себепті аштық жариялаймын. Бүгін – 3 мамыр, 2023 жыл" деді Қаниязов.

58 жастағы Қуанышбай Қаниязов, өзінің айтуынша, 2015 жылдан бері Қазақстанда тұрып келеді және осында тұруға ықтиярхаты бар. Ол тіркелмеген "Бірлік" қоғамдық қозғалысының негізін қалаушылардың бірі ретінде аталады. Қозғалыс жетекшісі Бақтияр Ниетуллаев Өзбекстанда партия құруға тырысқанымен, тіркей алмаған. Ол бұл жөнінде 2019 жылы Варшавада өткен ЕҚЫҰ конференциясында айтты.

3 мамырда кешкісін Қуанышбай Қаниязов Азаттыққа телефон арқылы Өзбекстанда Тәжімұратовтың апелляциялық шағымы қаралайын деп отырған шақта видеомәлімдеме жазып, аштық жариялағанын айтты. Оның сөзінше, сол кезде Ақтаудағы үйіне полиция қызметкері келіп, мұны сұрастырған. Бұған қоса, өзі жұмыс істейтін жергілікті құрылыс компаниясынан да хабарласып, жұмысқа келуді сұраған.

  • Қарақалпақ заңгері әрі журналисі Дәулетмұрат Тәжімұратов қаңтардың аяғында 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны Өзбекстанның "билігін басып алу немесе конституциялық құрылымды құлату мақсатында сөз байласты", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "ақша жымқырды" және "ақша ұрлады" деген айыптар бойынша кінәлі деп таныды. Тәжімұратов тағылған айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарып, кінәсіз екенін айтты. Туыстары Өзбекстанның Жоғарғы сотына апелляциялық шағым түсірді.
  • Өзбекстан билігінің мәліметінше, 2022 жылы 1-2 шілде күндері Нөкіс оқиғасы кезінде 21 адам қаза болып, 200-ден астам адам жараланған. 500-ден астам адам ұсталды. Қарақалпақстанда наразылық Ташкент Қарақалпақстанның егемен мәртебесін алып тастайтын Конституцияның жаңа нұсқасы жарияланғаннан кейін тұтанған. Қантөгістен кейін Ташкент даулы түзетулерді алып тастады.
  • Былтыр күзде Қазақстанда кемінде бес қарақалпақ белсендісі ұсталып, қамалды. Жақтастары олардың ұсталуын Нөкіс оқиғасымен байланыстырады. Қазақстандық құқық қорғаушылардың айтуынша, олардың ұсталуына "Өзбекстанның арнайы қызметінің қатысы бар".

XS
SM
MD
LG