АҚШ сәрсенбі күні Украинаға тағы 300 млн доллар көлемінде әскери көмек беретінін мәлімдеді.
Пентагонның хабарлауынша, 2021 жылғы тамыздан бері АҚШ Украинаға 37-рет әскери көмек бөліп отыр.
Бұл жолы берілетін жабдықтар арасында дүркіндете ататын HIMARS жүйесіне қосымша снарядтар, 155 миллиметрлік гаубицалар мен оған қажет снарядтар, миномет снарядтары, танкіге қарсы құралдар, Hydra-70 ракетасы, оқ-дәрі, ауыр техникаға арналған тіркеме, бөлшектер бар.
"Украинаға майдандағы қажетін өтеуге мүмкіндік беру үшін АҚШ одақтастарымен және әріптестерімен ынтымақтастықты жалғастырады" деп жазылған хабарламада.
3 мамырда Еуроодаққа мүше елдердің елшілері де Украинаға бірігіп оқ-дәрі сатып алудың схемасын мақұлдады. Осы мақсат үшін 1 миллиард еуро бөлу бұрын келісілген еді, алайда техникалық мәселелер бойынша бірнеше апта қызу пікірталас жүрді. Бірігіп сатып алу туралы схема – ЕО-ның бір жыл ішінде Украинаға 1 миллион артиллериялық снаряд пен ракета жіберу жоспарының бір бөлігі.