Accessibility links

Ресей түрмесінде жазасын өтеп жатқан тәжік азаматы Украинада жоғалған

Шарифбек Зулфикоров және оның анасы Мавлуда Давлатова.
Шарифбек Зулфикоров және оның анасы Мавлуда Давлатова.

Тәжікстанның Рудаки ауданының тұрғыны Украинада жоғалған ұлын бірнеше айдан бері іздеп жүр. Ресей түрмелерінің бірінде жазасын өтеп жатқан 31 жастағы Шарифбек Зулфикоров 2022 жылдың күзінде Украинадағы соғысқа шақырылған.

Шарифбектің анасы Мавлуда Давлатова Азаттық радиосының Тәжік қызметіне ұлымен соңғы рет былтыр 3 қазанда сөйлескенін айтады. Ол ұлын табуға көмектесуді сұрап, Ресейдегі Тәжікстан елшілігіне де қайырылған.

Ұлы Ресейде жұмыс істеп жүрген. Үш жыл бұрын мигранттардың жаппай төбелесі кезінде қамалып, тәртіпсіздік жасағаны үшін сотталған.

Шарифбек Зулфикоровтың кәмелетке толмаған екі баласы бар.

Былтыр көктемде Ресей армиясы Украина аумағында бірнеше рет жеңіліске ұшыраған соң, "Вагнер" жеке әскери компаниясы Ресей түрмелеріндегі тұтқындарды соғысқа тартып, Украинаға жібере бастаған. Соғысқа тартумен Владимир Путинге жақын кәсіпкер, "Вагнерді" құрушылардың бірі Евгений Пригожиннің өзі айналысқан. Ол елдегі ондаған түрмені аралап, тұтқындарды соғысқа үгіттеген. Пригожин "Вагнерді" құрғанын 2022 жылы қыркүйекте ғана мойындаған.

Ресей түрмесінде нақты қанша тәжік азаматы жазасын өтеп жатқаны туралы мәлімет жоқ. Украинадағы соғыста өлген тәжік азаматтары жөнінде де дерек жоқ.

Азаттықтың Тәжік қызметіне Ресей түрмесінде қамауда болған шамамен 20 тәжік азаматының қазасы белгілі. Ресей билігі Украинадағы соғыста қаза болған тәжік азаматтарының өліміне байланысты түсініктеме бермеді.

Тәжікстан билігі өз азаматтарын Украинадағы соғысқа бармауға үндеген. Ресейдің Украинаға басып кіруін әлем елдерінің басым бөлігі айыптайды.

XS
SM
MD
LG