Accessibility links

Алматылық белсенді Әлнұр Ілияшев "сот үкімін орындамағаны үшін" бес тәулікке қамалды


Белсенді Әлнұр Ілияшев. Алматы, 17 сәуір, 2022 жыл.
Белсенді Әлнұр Ілияшев. Алматы, 17 сәуір, 2022 жыл.

4 мамырда Алматы әкімшілік соты белсенді Әлнұр Ілияшевті "сот үкімін орындамағаны үшін" бес тәулікке қамады. Сот материалдарына қарағанда, белсендінің қамалуына "халық парламентінің" жиынына қатысуы себеп болған.

Соттың мәліметінше, Ілияшев "қоғамдық бірлестіктер қызметіне қатысу құқығынан айырылғанын біле тұра", 1 сәуірде тіркелмеген "Халық парламентінің" жиынына қатысқан. Сот қаулысындағы мәліметке қарағанда, сот отырысында белсенді "заң бұзғанын мойындап", соттан өзіне әкімшілік жаза тағайындауды сұраған.

Қорғаушы тарап 10 күн ішінде шешімді апелляцияға бере алады.

Ілияшев қамалды деген ақпаратты белсенді Марат Тұрымбетов те хабарлады. Оның айтуынша, сот Ілияшевке айыппұл да салған. Осы айдың басында Ілияшев Facebook-парақшасында қалған жазасын "лагерьге алмастыру үшін" "режимді өрескел бұзатынын" жазған.

2020 жылы 22 маусымда сот "жалған ақпарат таратты" деп айыпталған Ілияшевтің бостандығын үш жылға шектеген. Белсенді билікті сынап жазған жазбасынан кейін айыпталған еді. Ол іс саясиланғанын айтып, айыпты жоққа шығарған.

Өткен айда Алматыда сайлаудың нәтижесіне келіспеген "Халық парламентінің" митингісінен кейін бірқатар белсенді әкімшілік жауапқа тартылған.

Әлнұр Ілияшев биыл қаңтарда өткен сенат сайлауына кандидат ретінде тіркелуге күш салғанымен, нәтиже шықпады. Аумақтық сайлау комиссиясы оған "сот мерзімін әлі өтеп бітпегенін" айтқан. Ілияшевпен қатар кандидат ретінде тіркеле алмаған өзге де белсенділер сайлау комиссияларын сотқа берді, бірақ шешім өзгеріссіз қалды.

XS
SM
MD
LG