Ресей президенті Владимир Путин Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонды Мәскеуде өтетін "Жеңіс күніне арналған шараға" шақырды. Бұл жөнінде Рахмонның баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми хабарламаға қарағанда, 5 мамырда Рахмон телефон арқылы Путинмен сөйлесіп, әңгіме барысында "президенттер тәжік-орыс қатынасындағы стратегиялық әріптестіктің оң дамуын" атап өткен. Бұған қоса, екі басшы бір-бірін Жеңіске 78 жыл толуымен құттықтаған.
Рахмонның шақыруды қабылдағаны-қабылдамағаны белгісіз. Тәжік президентінің баспасөз қызметіне сүйенген "Известия" басылымы бұл бойынша шешім әлі қабылданбағанын жазды.
Бұған дейін 9 мамыр күнгі Мәскеудегі парадқа Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың қатысатыны хабарланған. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков өзге елдің басшылары парадқа шақырылмағанын айтты. Путиннің Рахмонды шақыру себебі белгісіз.
3 мамырға қараған түні Кремльдегі Владимир Путин резиденциясына екі дрон шабуыл жасаған. Ешкім зардап шекпеген. Ресей билігі оқиғаға Украинаны кінәлап, оны "президентке қастандық" деп атаған. Киев шабуылға қатысы жоғын айтқан.
Шабуылдан кейін Мәскеуде қауіпсіздік күшейді. Песковтың айтуынша, 9 мамыр күнгі парад жоспарға сай өтеді – Путин әдеттегідей Қызыл алаңда сөйлейді.
Рахмон 2021 жылы 9 мамырда Мәскеудегі парадқа барған жалғыз шетелдік басшы болған. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін парадта бірде бір шетел басшысы болмаған.