Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс күні құрметіне өтетін парадқа қатысу үшін Александр Лукашенко Мәскеуге жұмыс сапарымен барды. Бұл жөнінде Беларусьтің билікшіл телеграм-арнасы "Пул Первого" хабарлады.
Лукашенко Мәскеуге кеткендіктен Беларусь астанасы – Минскідегі Жеңіс алаңында ескерткішке гүл қою рәсімі 9 мамыр кешке өтетін болды.
Лукашенко Мәскеудегі жеңіс парадына осымен екінші рет қатыспақ. Мұның алдында ол 2020 жылы Жеңістің 75 жылдық мерейтойында Мәскеуге барған. Кейінгі жылдары ол өз еліндегі парадқа қатысатынын айтып, Ресей астанасындағы салтанатқа қатыспай жүрген.
Лукашенкодан бұрын Мәскеуге ТМД-ның бес елінің басшылары: Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев және Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон барды. Жиынға Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхаммедов те шақырылғаны хабарланды.
Кремль баспасөз хатшысының айтуынша, олар Мәскеуде Жеңіс құрметіне өтетін парадта трибунада тұрады.
Тоқаевтың Мәскеуге "жұмыс сапарымен" баратынын Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай желіде 8 мамырда жарияланған постында хабарлады. Бұған дейін парадқа шетелдік басшылардан тек Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қатысады деген болжам болған. Жапаров Мәскеуге 7 мамырда ұшып барды.
Басқа басшылардың да Мәскеуге баратыны тек 8 мамырда хабарланды.
ПІКІРЛЕР