Украинаның шығысындағы атыс кезінде Франс Пресс агенттігінің (Agence France-Presse, AFP) тілшісі Арман Сольден қаза болды.
Ақпарат құралдары таратқан мәліметке қарағанда, Сольден Бахмутқа жақын Часов Яр қаласы маңында болған. AFP командасы украин әскерімен бірге жүрген кезде "Град" зымыранымен тұтқиылдан жасалған шабуылға тап болған. Зымыран журналист жатқан жерге жақын маңға құлаған. Командадағы өзге адамдар зардап шекпеген.
"Оның қазасы – Украинадағы соғыстан ақпарат таратып жүрген журналистер күн сайын қандай қауіп-қатерге кезігетінін сұмдық жағдайда еске салу" деді AFP төрағасы Фабрис Фрайс.
Арман Сольден – Франс Пресс агенттігінің 2022 жылы ақпанда Ресей басқыншылығы басталғаннан кейін Украинаға жіберілген алғашқы тобында болған тілші. Ол былтырдан бері Украинада тұрып, елдегі жағдайдан ақпарат таратқан AFP тобына жетекшілік еткен. Сольден Украинаның шығысы мен оңтүстігіндегі майдан шебіне жиі барған.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымының мәліметінше, Сольден – Украинадағы соғыста қаза болған кемінде 11 журналистің бірі.