Accessibility links

Оралда совет маршалының ескерткішіне унитаз апарған белсенді 10 күнге қамалды


Азаматтық белсенді Жаннат Ахмедияров соттан кейін. 10 мамыр, 2023 жыл.
Азаматтық белсенді Жаннат Ахмедияров соттан кейін. 10 мамыр, 2023 жыл.

10 мамырда Оралда әкімшілік сот 53 жастағы белсенді Жаннат Ахмедияровты 10 күнге қамады. Бір күн бұрын ол Украинаны қолдау мақсатында совет маршалы Жуковтың ескерткішіне унитаз апарып, акция өткізген.

Белсенді шешімге келіспейтінін, апелляцияға шағым беретінін айтты.

10 мамырда полиция белсендіні қала орталығындағы алаңда Азаттыққа сұхбат беріп тұрған жерінен ұстап әкеткен. Сот белсенді ұсталған сәттен кейін шамамен 3 сағат өткен соң болды. Белсенді ұсталмай тұрып, Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Ахмедияровты "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік жазаға тарту мәселесін қарап жатқанын хабарлаған.

9 мамырда Жаннат Ахмедияров Facebook-тегі парақшасында совет маршалы Жуковтың мүсіні маңында Украина елтаңбасы бар баскиім киіп түскен суретін жариялаған. Жуков ескерткішінің жанында унитаз тұрғаны көрінеді.

– Мен акция өткіземін деп ойлаған жоқпын. Алайда кенет [Мәскеудегі әскери парадқа] президентіміз кеткені белгілі болды. Президенттің солай істегеніне қатты ұялдым.... Сөйтіп, акция өткіземін деп шештім. Унитазды тауып, Жуковтың ескерткішіне бардым, – деді Азаттыққа Жаннат Ахмедияров.

Ахмедияровтың сөзінше, унитаз – символ. 1946 жылы совет маршалы Жуковтың үйін тінткен кезде одан Германиядан әкелінген 40-тан астам унитаз табылған. Ал, жалпы, шара Украинаны қолдауға бағытталған.

Совет маршалы Жуковтың ескерткіші Орал орталығындағы әскери бөлімнің маңында тұр. Ахмедияровтың сөзінше, әскери бөлім маңында солдаттар ары-бері жүрсе де, унитаз мүсіннің жанында шамамен жарты сағат тұрған.

Журналист Лұқпан Ахмедияровтың туған бауыры Жаннат Ахмедияров Украинадағы соғыс пен Кремльдің саясатына белсенді түрде қарсы шығып келеді. Ол көзқарасын Facebook-тегі парақшасында жазып отырады. Қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт акцияға да қатысқан.

XS
SM
MD
LG