Accessibility links

Алматыда полиция екі белсендіге "Халық парламенті" жиынына қатысқаны үшін айыппұл салды


Сөз бостандығын қолдау акциясына қатысып тұрған белсенді Инга Иманбай. Сәуір, 2022 жыл.
Сөз бостандығын қолдау акциясына қатысып тұрған белсенді Инга Иманбай. Сәуір, 2022 жыл.

11 мамырда Алматыда полиция журналист әрі азаматтық белсенді Инга Иманбайды "қоғамдық бірлестіктер туралы заңнаманы бұзды" (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 489-бабы, 10-бөлік) деп айыптап, 172 500 теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл жөнінде белсендінің өзі хабарлады. Өзінің айтуынша, оны 1 сәуірде Алматыда өткен "Халық парламентінің" алғашқы жиынына қатысқаны үшін айыптаған.

"Демпартияның" YouTube-тегі парақшасында белсендінің үйіне полицейлер келген сәттің видеосы жарияланды. Онда полиция қызметкерлері белсендіге "қоғамдық бірлестік туралы" заңнаманы бұзғанын айтады. Ал белсенді шешімге келіспейтінін айтып, "жеке пікірін айтқаны үшін азаматтарды жазаға тарту – масқара" дейді.

"Бұрын митингіге шыққандарды соттайтын, қазір тіпті жабық жерде жиналыс өткізгені үшін де жазалайтын болған ба мыналар?" деп жазды белсенді Facebook-тегі парақшасында.

Видеода полиция оған шешімге келіспесе, сотқа жүгіне алатынын айтады.

11 мамырда түсте белсенді Арайлым Назарова да дәл осындай айыппен өзіне айыппұл салынғанын хабарлады.

"Иә, қатыстым. Бірақ ол ешқандай да заңсыз жиын болған жоқ. Біз сайлаудан кейінгі өз ойымызды, пікірімізді бөлістік. Егер Жаңа Қазақстан демократиялық қоғам құрамын десе, азаматтық қоғамның ашық пікір айтуына тыйым салмауы керек" деп жазды белсенді Facebook-тегі парақшасында.

Бір күн бұрын полиция "Демпартия" белсендісі Аружан Дүйсебаеваға осы жиын үшін айыппұл салған.

1 сәуірде Алматыда "Халық парламентінің" өкілдері парламент сайлауындағы заңсыздықтарды айтып, оның ресми нәтижесін жоюды талап еткен. Бұған дейін ХП-ның 9 сәуірдегі митингісіне байланысты 15-тен астам белсенді әкімшілік жазаға тартылған.

Қазақстанда құқық қорғаушылар билікті "бейбіт жиын өткізіп, пікір айтқысы келгендерді, наразыларды қудалайды" деп жиі сынайды. Ресми Астана елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG