Зейнеткер Бекболат Өтебаев 10 мамырда Оралдағы Абай ескерткіші маңында жалғыз адамдық пикет өткізіп, әлеуметтік реформа жүргізуді және "Аманат" партиясын сотқа тартуды талап етті.
Зейнеткердің қолында "Өмір сүргім келеді" ("Я хочу жить. I want to live"), "Аманатты сотқа тарту керек" деп орысша және ағылшынша жазылған плакаттар мен Қазақстан Конституциясы болды. Өтебаев акцияның мақсаты "әлеуметтік реформалар" екенін айтты.
– Мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақыны өсіруді талап етіп, кезекті рет жалғыз адамдық пикет өткізіп отырмын. Бұған қоса, зейнетақыны да өсіруді талап етемін, себебі қазіргі зейнетақыға өмір сүру мүмкін емес. Қазір өмір сүріп жатқан жоқпыз, әрең күн көріп отырмыз. Жәрдемақыны өсіруді, [Қазақстан халқының] әлеуметтік жағдайын жақсартуды талап етемін. Жәрдемақыны өсіруге ақша жоқ та, шенеуніктердің, депутаттардың жалақысына ақша бар ма? – деді Өтебаев.
Бекболат Өтебаев сонымен бірге "Аманат" партиясын сотқа тартуды да талап етті.
– "Аманат" партиясын геноцид, алаяқтық және жемқорлығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етемін, – деді Өтебаев.
Зейнеткер 1 мамырда және 10 мамырда жалғыз адамдық пикет өткізетінін айтып, ескерту хабарлама бергенін айтады. Оған қоса, бейбіт митинг өткізу бойынша да екі хабарлама түсірген. Орал әкімдігі "құжаттар дұрыс толтырылмағанын" алға тартып, төрт акцияға да рұқсат бермеген.
– Мен ескерту-хабарлама түсірген кезде біркелкі шаблон қолданамын. Наурыз айында дәл сондай шаблонмен жазылған ескерту-хабарлама жіберіп, пикет өткізуге рұқсат алғанмын. Енді рұқсат бермей отыр. Менің ойымша, олар жұрт [алаңда] мәселелерін айтады деп сескенеді, – деді Өтебаев.
Акция басталған соң бірнеше минуттан кейін оқиға орнына әкімдік пен прокуратура өкілдері келіп, шара "заңсыз" екенін ескертті. Өтебаев оларға азаматтардың Конституцияда жазылған құқықтары мен еркіндіктері туралы сұрақ қойды. Бірақ олар жауап бермеді.
Өтебаев осындай талаппен ақпан мен наурыз айларында да пикет өткізген.
Бекболат Өтебаев – мүгедектігі бар зейнеткер, қалада бірқатар бейбіт акцияны ұйымдастырушы. Ол Қазақстанда әлеуметтік реформа жүргізілуге тиіс деп есептейді: зейнет жасын төмендетіп, зейнетақы мен жәрдемақыны өсіруді, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың жағдайын жақсартуды талап етіп келеді. 2023 жылдың басынан бері ол әкімдікке жалғыз адамдық пикет өткізу жөнінде 20 шақты ескерту-хат тапсырып, сонша рет өтініші кері қайтарылған. Өтебаевтың айтуынша, билік өтініш дұрыс толтырылмағанын немесе пикет жоспарланған күні өзге шара өтетінін алға тартып, наразылық акциясына рұқсат бермей келеді.