Жамбыл облыстық полиция департаментінің бұрынғы жетекшісі Арман Оразалиев Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің басшысы болып тағайындалды. Бұл тағайындауға дейін ол ІІМ криминалдық полиция департаменті жетекшісінің орынбасары болған. Оның алдында Павлодар және Жамбыл облыстық полиция департаменттеріне басшылық еткен.
2020 жылы ақпанда Арман Оразалиев Қордай оқиғасына байланысты қызметінен кеткен. 2020 жылы 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасындағы төбелестен 11 адам қайтыс болып, үйлер бүлінді.
Арман Оразалиев 2016 жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментін басқарған Мақсұтхан Әбіләзімовті алмастырды.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Мақсұтхан Әбіләзімов – Қазақстандағы дәулетті адамдар тізіміне енген олигарх Бахараддин Әбіләзімовтің туған бауыры. Қаңтар айында олигархтың ұлының Алматыдағы ойын-сауық орындарында болған ІІМ қызметкерлерінің төбелесіне қатысы бары айтылған.
Мақсұтхан Әбіләзімов БҚО полиция департаменті басшылығына 2016 жылғы тамызда келген. Оның алдында Ақтөбе облыстық полиция департаментін басқарып тұрған тұста сол өңірде қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге қарулы топ шабуыл жасап, адамдар өлген. Билік бұл оқиғаны теракт деп атаған. Аймақта күш құрылымдарының басшылары отставкаға кеткен.
Мақсұтхан Әбіләзімов БҚО полиция басшысы қызметін жеті жылға жуық атқарған. Ол аймақ полициясын басқарып тұрған тұста полицейлердің қатысуымен жол апаты болды. Жергілікті белсенділер полицейлердің қудалауына шағымданған.