Accessibility links

Reuters Украина жағында соғысқысы келетін ресейліктер майданға қалай баратынын жазды


Орыс еріктілер корпусының өкілі Данил Югославский.
Орыс еріктілер корпусының өкілі Данил Югославский.

Украина жағында соғысқысы келетін ресейліктер майданға Варшава арқылы барады. Бұл жөнінде Орыс еріктілер корпусының бірнеше мүшесі Reuters-ке сұхбатында айтты. Агенттік екеуінің аты-жөнін жариялады: Данил Югославский және Макс Смит.

Сұхбат берген азаматтардың айтуынша, олар YouTube-тен соғысқа қатысу туралы үндеу көрген. Видеоны азаматтық кеңес жариялаған. Бұл кеңеске Югославский мен Смиттің айтуынша, варшавалық белсенділер кіреді. Олар Орыс еріктілер корпусына адамдарды тартумен айналысады.

Reuters-тің жазуынша, Польшада украиналық делдал бар. Ол шетел азаматтарына құжат рәсімдеуге көмектесіп, шекарадан өткенге дейін жанында болады.

Югославский мен Смит өздері Киевке Варшавадан қаңтар айында келгенін айтты. Олар әуелі адамның өтірік-шын айтқанын анықтайтын детектордан, психологиялық тексерістен, ізінше екі ай әскери дайындықтан өткен. Ресейліктер сәуір айында майданға жеткен. Югославский – фельдшер, Смит – дрон операторы.

Украина қорғаныс министрлігіне қарасты әскери барлау қызметінің Reuters-ке хабарлауынша, Орыс еріктілер корпусының былтыр соғыс басталғаннан кейін құрылған және Украина қарулы күштеріне қосылған шетел азаматтарынан тұратын Халықаралық легионмен байланысы бар. Дегенмен легион өкілдері журналистерге Орыс еріктілер корпусына қатысы жоғын айтқан.

Орыс еріктілер корпусын Денис Никитин және White Rex деген лақап аты бар Денис Капустин есімді азамат құрған деп айтылады. "Антифашистік Еуропа" мониторинг жобасының мәліметінше, Капустин – неонацист" деп жазды Reuters.

Майданға кеткенге дейін 29 жастағы Югославский Испанияда тұрған, техник маман болған. 2017 жылы Еуропаға қоныс аударған. Оған дейін Ресейде тұрып, бірнеше жыл наразылық акцияларына қатысқан. Ал Смиттің жасы 35-те. Кейінгі кезде ол Батыс Еуропада құрылыс саласында жұмыс істеген. Орыс еріктілер корпусына қосылғанға дейін ешқашан еш жерде соғыспаған. Екеуі де Reuters-ке Капустиннің пікіріне келіспейтінін, Кремль режимімен күресу үшін Орыс еріктілер корпусына қосылғанын айтты.

Ал Капустин Reuters-ке сұхбат беруден бас тартты. Қазір Ресейде оған федерация бойынша іздеу жарияланған. Оның үстінен "теракт", "террористік ұйымның ісіне араласу", "жарылғыш заттардың заңсыз айналымы" баптары бойынша қылмыстық істер қозғалған.

  • 2 наурызда Орыс еріктілер корпусы Ресейдің Брянск облысындағы екі ауылға жасалған шабуылды мойнына алған. Шабуылға Капустин де қатысқан. Ресей билігі шабуылдың салдарынан екі бейбіт тұрғын өлгенін мәлімдеген. Украина билігі оқиғаны "Ресейдің өз ішіндегі қақтығыс" деп атаған, себебі Орыс еріктілер корпусы Ресей азаматтарынан ғана құралған.
XS
SM
MD
LG