Accessibility links

Мереке Құлкенов Жазушылар одағының төрағасы болып сайланды


Жазушылар одағының құрылтайына қатысушылар. Алматы, 12 мамыр, 2023 жыл.
Жазушылар одағының құрылтайына қатысушылар. Алматы, 12 мамыр, 2023 жыл.

Жазушы, журналист Мереке Құлкенов Қазақстанның Жазушылар одағының төрағасы болып сайланды. Ол "жазушыларды билікке қарсы шықпауға" үндеді.

"Жазушылар оппозиция болмауы керек. Оппозиция деген ол –мемлекет басшысына қарсы деген сөз" деді одақтың жаңа басшысы.

Бұған қоса, ол президент Тоқаевты мақтап, "мемлекет басшысы жазушыларға жақсы көңіл бөліп жатыр, жағдайымыз жақсы болады" деді. Оның сөзінен Masa.media сайты үзінді келтірді.

11 мамырда Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында өткен Жазушылар одағының кезекті құрылтайына Қазақстанның әр өңірінен 538 адам келді. Төраға сайланбай тұрып, одақтың бес жыл ішінде атқарған жұмыстарын тізбектеп 25 минут баяндама жасаған ақын Ұлықбек Есдәулет сөз соңында өзін одақ басшылығына ұсынбайтынын мәлімдеді.

– Мен бүгінгі құрылтайда өзімнің аты-жөнімді кандидаттар тізімінен алып тастаймын, – деді ол.

Бұған дейін 2012 жылы және 2018 жылдардағы Жазушылар одағының құрылтайларына президент әкімшілігінің жоғары лауазымды қызметкерлері, министрлер қатысып, төраға сайлау процесін көрген. Бүгін лауазымды тұлғалардан Азаттық тілшісі ақпарат министрі Дархан Қыдырәліні ғана көрді. Ол жиылғандарға президенттің құттықтауын оқып берді.

Құрылтайда жазушы Әлібек Асқаров одақтың кіріс-шығысы туралы есеп берді. Баяндамашының есебінше, былтыр одақтың жалпы кірісі 295 миллион теңгеге жеткен.

– Арнайы аудит шақырып шақырып, есептеттік. Одақтың ішіп қойған, жеп қойған ақшасы жоқ екен, – деді Әлібек Асқаров.

Бұдан кейін жарыссөзге шыққан Дулат Исабеков пен Кәдірбек Сегізбай "Жазушылар одағын мемлекет қарамағына алып, бюджеттен қаржыландырса" деген ұсыныс айтты.

Жазушылар одағын 2018 жылдан бері Ұлықбек Есдәулет басқарған. Оған дейін одаққа 1996 жылдан бері Нұрлан Оразалин жетекшілік еткен. Бұған дейін жазушылар одақ төрағасын сайлаған кезде бір ғана кандидат ұсынылатынын жиі сынаған.

Қазақстан Жазушылар одағы 1926 жылы маусымда "Қазақстанның пролетариат жазушылары ассоциациясының бюросы" болып құрылған. Бұл кезеңде Мағжан Жұмабаев бастаған ақын-жазушылар көркем әдебиеттен таптық принципті талап еткен большевиктік идеологияға қарсылық ретінде "Алқа" ұйымын дамыта бастаған еді. Кейін алашшыл "Алқа" жұмысы тоқтап, большевиктер бағытындағы жазушылар ұйымы күшейді.

1932 жылы 28 сәуірдегі Бүкілодақтық коммунистік(б)партиясының орталық комитетінің "Әдеби-көркем ұйымдарды қайта құру туралы" қаулысы негізінде Қазақстан Жазушылар одағы болып өзгерді. Қазақстан совет жазушыларының тұңғыш съезі 1934 жылы 12-18 маусым аралығында өтті.

Қоғамда Совет Одағынан қалған институттың қажет-қажет емесі туралы мәселе жиі көтеріледі. Жазушылар одақты биліктің ақын-жазушыларды бақылауда ұстау құралы, талпынысы деп атайтындар да бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG