Accessibility links

Украина "Бахмутта алға жылжыдық" дейді. Ресей Соледарға қарымта шабуыл жасалғанын хабарлады


Бахмут маңында жүрген украиналық әскерилер. 12 мамыр, 2023 жыл.
Бахмут маңында жүрген украиналық әскерилер. 12 мамыр, 2023 жыл.

Ресей қорғаныс министрлігі 12 мамыр түстен кейін "Украина қарулы күштері 11 мамырда мыңнан астам солдатпен Соледар бағытында қарымта шабуылға шығып, 40 танкімен 26 шабуыл жасағанын" айтты.

"Украина қарулы күштерінің барлық шабуылының беті қайтарылды. Ресей әскерінің қорғанысы бұзылған жоқ" деді қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков.

12 мамырда Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр "украиналық әскерилер 11 мамырда Бахмутта екі шақырым алға жылжып, біраз жерді қайта басып алғанын" мәлімдеді.

Соғыс уақытында тараптардың мәлімдемесін тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

Кремльшіл әскери блогерлер 11 мамырда Украина күштері Донецк және Харьков облыстарында, соның ішінде Бахмут пен Соледар маңында қарымта шабуыл бастағанын жазған еді. Бахмут үшін шайқасып жатқан "Вагнер" жеке әскерінің иесі Евгений Пригожин де "Украина қарымта шабуылды бастап кеткенін" айтып, "Бахмутта Украина күштері біздің шебімізге шабуылдап жатыр, өкінішке қарай, кейбір жерде олардың шабуылы сәтті болып жатыр" деген.

Бірақ бүгін, 12 мамыр таңертең Ресей қорғаныс министрлігі қарымта шабуыл туралы хабарды жоққа шығарып, "арнайы операция жүріп жатқан аумақтағы жағдай тұрақты" деп мәлімдеген еді, түстен кейін Соледарға "қарымта шабуыл жасалғаны" туралы айтты.

Мәскеу Украинаға басқыншылығын "арнайы әскери операция" деп атап, "соғыс" сөзін қолданғандарды жазалайды.

Украина президенті Владимир Зеленский еуропалық журналистерге берген сұхбатында "қарымта шабуылды қазір-ақ бастап, жетістіктерге жетуге болар еді. Бірақ біз көп адамымыздан айырылып қалуымыз мүмкін, бірақ бұлай жасай алмаймыз. Сондықтан бізге сәл уақыт керек. Яғни қару-жарақтың бәрі бізге толық жеткен жоқ" деді. Бұл сұхбат 11 мамырда жарияланған еді.

Украина қарымта шабуылға дайындалып жатқан тұста Ұлыбритания Киевке Storm Shadow зымыранын беретінін жариялады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG