Accessibility links

Зеленский Римге барды. Германия Украинаға 3 млрд доллар көлемінде әскери көмек береді


Украина президенті Владимир Зеленский және Италия премьер-министрі Джорджа Мелони. Рим, 13 мамыр 2023 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский және Италия премьер-министрі Джорджа Мелони. Рим, 13 мамыр 2023 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский 13 мамырда Римге барды. Германия сенбі күні Ресей басқыншылығы басталғалы бері алғаш рет Киевке рекордтық көрсеткіш көлемінде әскери көмек беретінін мәлімдеді. 3 млрд доллар көлемінде көмек украин басшысының Берлинге ықтимал сапары қарсаңында жарияланып отыр.

Сенбі күні Зеленскийді Италия президенті Серджио Маттарелла қарсы алды. "Біз сіздерді толық қолдаймыз" деді украин басшысын резиденциясында қабылдаған ол.

Зеленский Италияда премьер-министр Джорджа Мелони және папа Францискпен кездеседі. Италия мен Ватиканға сапарды Зеленский Twitter-де "Украинаның жеңісін жақындататын маңызды сапар" деп атады.

Өткен айда понтифик журналистерге Ватикан қақтығысты аяқтау үшін бітімгерлік миссиясына қатысатынын айтқан.

Ал Германия қорғаныс министрлігі Украинаға 2,7 млрд еуро көлемінде (3 млрд доллар) әскери көмек беретінін мәлімдеді. Бұл – Ресей басқыншылығы басталғалы бергі ең ірі көмек.

"Ресейдің украин халқына қарсы басқыншылық соғысы тез аяқталады деп әлі де болса үміттенеміз, бірақ түбі көрінбей кетті" деп жазылған Германия қорғаныс министрі Борис Писториустің мәлімдемесінде.

Әскери көмек аясында Украинаға Marder маркалы жаяу әскерге арналған 20 әскери машина, Leopard-1 танкісінің 30 данасы, өздігінен жүретін Gepard қондырғысының 15 данасы, барлау дрондары, қосымша Iris-T зенит кешені, артиллерияға қажет қосымша оқ-дәрі мен 200 дана броньды әскери және тыл машинасы беріледі.

14 мамырда Германияның Аахен қаласында Зеленскийге Ұлы Карл сыйлығы тапсырылады деп айтылады. Әзірге оның сыйлық тапсыру рәсіміне қатысатыны-қатыспайтыны және Германияға баратыны-бармайтыны белгісіз.

Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Киев қарымта шабуылға дайындалып жатқан шақта әскери көмекті тезірек жеткізуге шақырды. 13 мамырда ЕО-дағы әріптестерімен Швецияда кездескен Кулеба Украинаға қаруды жылдам тасымалдайтындар керегін айтқан.

13 мамырға қараған түні Ресей әскері Украинаның түрлі қалаларына тағы дрондармен шабуыл жасап, 14 адамның жараланғаны хабарланған еді. Украинаның жаяу әскер қолбасшысы Александр Сырский 13 мамырда әлеуметтік желіде украин әскері Бахмут маңындағы майданда алға жылжып жатқанын хабарлады.

"Майданның кейбір аумағында біздікілер алға жылжып жатыр, ал қарсылас жақ техника мен әскерінен айырылып жатыр" деді Сырский.

Бұған дейін Ресей Бахмуттың солтүстік жағында әскерінің шегінгенін мойындаған. Егер Украина қарулы күшерінің алға жылжығаны расталса, бұл жарты жыл ішіндегі Украина үшін ірі жетістік болмақ.

XS
SM
MD
LG