Accessibility links

Түркияда президент және парламент сайлауы өтіп жатыр


Стамбул көшесіндегі кандидаттардың баннерлері.
Стамбул көшесіндегі кандидаттардың баннерлері.

Түркияда сайлау өтіп жатыр. Ел азаматтары жаңа парламент пен жаңа президентті сайлайды. Жексенбі күні сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 8-де ашылды.

Қазіргі президент Режеп Ердоғанның елді басқарғанына 20 жылдан асты. Сайлауда оның басты қарсыласы алты оппозициялық партияның "Халықтық альянсы" ұсынған ортақ кандидат – Кемаль Қылыщдароғлы. Ол жемқорлыққа қарсы және Түркияны Еуропа жолымен дамыту туралы мәлімдемелерімен танымал болған. Президенттікке кандидаттар арасында сонымен бірге "Ата альянсы" саяси блогы атынан Синан Оган бар.

Сарапшылардың пікірінше, бұл Түркия тарихындағы ең тартысты сайлаулардың бірі. Егер кандидаттардың бірі 50 пайыздан артық дауыс алмаса, 28 мамырда екінші туры өтеді.

Түркияда сайлау елде көптеген мәселе қордаланған шақта өтіп отыр. Үш ай бұрын елдің оңтүстік-шығысындағы жойқын жер сілкінісі 50 мыңнан астам адамның өмірін алып кетті. Табиғи апаттан зардап шегушілер аймақты қалпына келтіруді талап етіп отыр.

Ел экономикалық дағдарысты бастан кешіріп жатыр. 2021 жылы елде инфляция деңгейі 36 пайыздан асса, 2022 жылы 80 пайызға жетті. Азық-түлік қымбатшылығы мен ұлттық валютаның құнсыздануының салдарынан қазіргі президентті қолдайтындар едәуір азайды.

Елде аз ұлттар мен күрдтер сепаратистік қозғалыс мәселесі шешілмеді. Этникалық күрдтер сайлаушылардың шамамен 15-20 пайызын құрайды.

Жексенбі күні президенттен бөлек, Түркия азаматтары парламенттің 600 депутатын да сайлауы тиіс.

Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 5-те жабылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG