Q-pop жанрында ән салатын Ninety One тобы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы ізгі ниет елшілері атанды. Бүгін, 16 мамырда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен топ мүшелеріне осындай сертификат тапсырды. Топ мүшелері қормен бірге балалар құқығын қорғауға күш салмақ.
– Ninety One тобы ұсынысымызды қабыл алғаны – біз үшін үлкен мәртебе. Қазақстандағы балалардың ең өзекті мәселелеріне назар аудартуда топтың таланты мен танымалдығы өте маңызды рөл атқарады. Қазір бірлескен маңызды іс-шара бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жақында Ninety One тобын UNICEF Talks-та (жастар конференциясы – ред.) көретін боласыздар, – деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен.
Ninety One тобының өкілдері ЮНИСЕФ-тің ұсынысына қуана келістік дейді. Олар осы рөл арқылы қоғамда жастардың үнін естіртуге күш салатынын айтты.
Топ мүшесі Дулат Мұхаметқалиевтің айтуынша, олардың ой-идеялары ЮНИСЕФ-тікімен ұштасады.
– Топтың негізгі мақсаты – жастарды қолдау, жігерлендіру. Біз әртүрлі әлеуметтік тақырыптарды көтеруге, қолымыздан келсе, соған көмектесуге тырысамыз, – деді ол.
Ninety One тобы қормен бірге кибербуллинг және психикалық денсаулық тақырыбындағы шараларға атсалыспақ.
– Кибербуллинг не екенін, онымен күрес қаншалық маңызды екенін түсінеміз және онымен қалай күресуді де білеміз, – дейді әнші.
Ninety One тобы былтыр ЮНИСЕФ пен TikTok бірлесе өткізген "Психикалық әл-ауқат бәрінен де жоғары" науқанына қатысқан.
Әлем бойынша ЮНИСЕФ-тің 200-ден астам ізгі ниет елшісі бар. Олар бала мен әйел құқығын қорғау бойынша қоғамға көбірек ақпарат таратуды көздейді.
Ninety One – 2015 жылы қазақстандық әнші әрі продюсер Ерболат Беделханның бастауымен құрылған музыкалық топ. Олар қазақша әндерді қазіргі заманғы нақышта айту арқылы ел арасында танымал болған.
ПІКІРЛЕР