Кеше, 16 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданына қарайтын Маралды ауылының халқы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдады. Олар ауыл төңірегіне алтын кенін өндіретін фабрика салуға қарсы. Ауыл тұрғындары бұған дейін, 26 сәуірде облыс әкімі Даниал Ахметовке үндеу арнаған еді.
Маралды ауылы облыс орталығы Өскеменнен 300, аудан орталығы Күршім кентінен 100 шақырым қашықта жатыр. Аудан орталығымен арадағы жолдың жартысынан астамында асфальт жоқ. Жан-жағын биік асу қоршаған бұл өлкеден Алтай тауы басталады. Орманды атырап шығысында Катонқарағай ұлттық паркі мен Марқакөл қорығына ұласады.
"Жеріміздің экологиясын бұзатын зауыт салуға қарсымыз. Бұл жерде ата-бабамыздың аруағы жатыр, тарихи маңызды жерлер бар, омарта шаруашылығы да дамыған. Солтүстігімізде Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы, оңтүстігімізде Марқакөл қорығы тұр. Қақ ортасындағы әдемі жерімізді қорлауға қарсымыз" дейді үндеуді оқыған адам.
Наразылар алтын кенін ашық әдіспен қазып алу ауыл шаруашылығы жерін бүлдіреді деп есептейді. Олардың сөзінше, кен құрамындағы алтынды цианид қоспасымен ажыратып алу процесі "экологиялық апатқа" ұрындырады. Цианид қоспасы ауыл ішінен өтетін Маралды, Күршім өзендеріне қосылып, Ертісті былғайды деп қауіптенеді.
Алтын фабрикасын салғалы жатқан "ВСАМ Продакшн" компаниясының Азаттыққа берген жауабына қарағанда, құзырлы орындар фабрика салуға рұқсат берген.
– Су көзі кеніштен 500 метрден астам жерде, яғни ортада "рұқсат етілетін" қашықтық бар. Жоба бойынша экологиялық талаптар сақталады, фабрика жұмысы тоқтағаннан кейін рекультивация жасалады. Жергілікті тұрғындарға жұмыс орындары беріліп, әлеуметтік көмек көрсетіледі, – деді компания өкілдері.
Алтын өндіретін фабрика ауыл іргесіндегі таудың үстіне салынбақ. Қазір онда ауыр техника жұмыс істеп жатыр.
Маралды ауылының халқы алтын өндіретін фабрика салуға қарсылығын бір жылдан бері айтып келеді. Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовті ауылға бірнеше рет шақырған, бірақ әкім әлі барған жоқ. Олар Ахметовке жолдаған үндеуінде биыл наурызда өткізген қоғамдық тыңдауды заңсыз деп танып, хаттаманың күшін жоюды талап еткен еді.
Даниал Ахметов сәуірде Өскемен қаласында өткізген брифингіде фабриканың экологияға әсерін зерттеу үшін Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдарын шақырғанын хабарлаған.
Маралды ауылы маңында 2013 жылдан бері кен барлаған Maralicha, Maralicha-Gold деген компаниялары өндіріске кірісуді көздеп отыр. Ал "ВСАМ Продакшн" компаниясы сол кеннен алтын өндіретін фабрика салуды жоспарлаған.
Азаттық зерттеуінде бұл фабриканың артында Даниал Ахметовтің ұлы Талғаттың бизнес-серіктесі мен бұрынғы туризм министрінің ұлы тұрғаны анықталған еді.
ПІКІРЛЕР