18 мамырға қараған түні және таңертең Ресей әскері Украина аймақтарын атқылады, елде әуе дабылы іске қосылды. Украина билігі Киев пен Одессада жарылыс болғанын хабарлады, жараланғандар мен қаза болғандар бар.
Одессада ракета атқылауының нәтижесінде 17 мамырда түнде бір адам қаза болды, екі адам жараланды. Бұл жөнінде Одесса облысының әскери әкімшілігінің спикері Сергей Братчук хабарлады. Оның сөзінше, ракеталардың басым бөлігін теңіз күштері атып түсірген, бірақ өнеркәсіп нысандарына да түскендері де бар.
Бұл ақпаратты "Оңтүстік" жедел басқармасының спикері Наталья Гуменюк растаған.
"Өкінішке қарай, бір адам қаза болды және жараланған екі күзетші бар. Барлығы – бейбіт адамдар, бейбіт нысандар. Жауымыз әдеттегідей майдан алаңынан тыс аймақты террорлауға тырысады және Одессаға оның басым аймақ екенін еске салады" деді Гуменюк.
Оның сөзінше, Одесса облысында әуе дабылы кезінде Қара теңіз төбесінде ресейлік ракеталардың басым бөлігі атып түсірілген.
Киевтің Днепр және Дарницк аудандарында бірнеше жарылыс болды, оқиға орнына жедел қызметі барған.
Дарницк ауданында ракета бөлшектері құлап, кооператив гаражында өрт басталған. Ракета бөлшектері өзге аудандарға да құлаған. Киев мэрі қала тұрғындарын әуе дабылы аяқталғанға дейін сыртқа шықпауға үндеді.
Киевке қуаты және жылдамдығы жағынан әртүрлі әуе шабуылдары жасалып жатыр деп хабарлады Киев қалалық әскери әкімшілігінің жетекшісі Сергей Попко. Мамырдың басынан бері Киев осымен тоғызыншы рет атқылауға ұшыраған.
Попконың айтуынша, бұл жолы шабуыл Каспийдегі стратегиялық Ту-95МС, Ту-160 бомбалаушы ұшақтарынан жасалған болуы мүмкін. Шабуылға Х-101/555 типтегі қанатты ракета да араласқан болуы ықтимал.
Попконың сөзінше, әзірге толық емес ақпарат бойынша, Киев төбесіндегі қарсылас жақтың нысаналары анықталып, жойылған. Зардап шеккендер туралы ақпарат әлі түспеді.
Әуе шабуылынан қорғайтын жүйенің жұмысы туралы облыс әкімшілігі өкілдері де айтты, "Суспiльне Новини" тілшілері Хмельниций және Винница облыстарындағы жарылыс естілгенін жазды.