Accessibility links

Ақтөбеде Қытаймен визасыз режимге қарсы төрт белсенді әкімшілік жазаға тартылды


Ақтөбе соты.
Ақтөбе соты.

Ақтөбеде "бейбіт жиналыстарды өткізу және ұйымдастыру тәртібін бұзды" деген айыппен төрт белсенді – Ахмет Сәрсенғалиев, Альмира Қуатова, Айнагүл Төбетова мен Бауыржан Маратұлы әкімшілік жазаға тартылды. Белсенділер өздеріне тағылған айыпты мойындап отырған жоқ. Олар "Билік Конституция кепілдік берген құқымызды бұзды" дейді. Ал Ақтөбе облыстық соты "тәртіп бұзушылардың кінәсі сот зерттеген айғақтармен, яғни видеожазбалармен, әлеуметтік желіден жасалған скриншоттармен, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен дәлелденді" деп хабарлады.

Ақтөбе қаласының әкімшілік істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының 17 мамыр күнгі қаулысымен Ахмет Сәрсенғалиев төрт тәулікке қамалды. Соттың дерегінше, Сәрсенғалиев 2023 жылғы 21 сәуір күні желіде жұртты 1 мамырға жоспарланған митингіге шақырған. Сол үшін оған "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып тағылған.

Белсенді Альмира Қуатованы полиция 17 мамыр күні көшеде жеке көлігімен кетіп бара жатқан жерінен ұстаған.

– Сәрсенбі күні таңнан бері үйімнің маңайын күмәнді адамдар торуылдап жүргенін байқаған едім. Сағат 9-дан өте көлігімді оталдырып, үйден сәл ұзай бергенімде, учаске инспекторы тоқтатты. Бетінде қара маскасы бар екі адам көліктің артқы есіктерінен салонға кіріп, қолымды қайыра бастады. Сол жерден учаскеге әкетіп, 17.30-да онлайн сот өткізді. Сот "бейбіт жиналыстарды өткізу және ұйымдастыру тәртібін бұзды" деп маған 50 АЕК-ке тең айыппұл салды, – дейді Альмира Қуатова.

50 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл, яғни 172 500 теңге зейнет жасындағы ақтөбелік Бауыржан Маратұлына да салынған. Сот Альмира Қуатова мен Бауыржан Маратұлын WhatsApp мессенджеріндегі "Ақтөбе Атажұрт" тобының мүшесі деп таниды. Соттың дерегінше, Бауыржан Маратұлы "Ақтөбе Атажұрт" тобындағыларды Қытаймен визасыз режимге қарсылық білдіріп, наразылыққа шығуға шақырған.

Альмира Қуатова мен Бауыржан Маратұлы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабының 7-бөлігімен айыпталған.

"Ақтөбе Атажұрт" тобына мүше деп сипатталатын тағы бір белсенді Айнагүл Төбетова да "бейбіт жиналыстарды өткізу және ұйымдастыру тәртібін бұзды" деп айыпталып отыр. Соттың дерегінше, Төбетова желідегі жеке парақшасында жұртты 1 мамыр күнге жоспарланған митингіге шақырған.

"Айнагүл Төбетова әкімшілік құқықбұзушылықты бір жыл ішінде қайталап істегендіктен, оған 70 АЕК-ке тең, яғни 241 500 теңге айыппұл салынды. Сот қаулы қабылдаған кезде Төбетованың кәмелетке толмаған балалары барын ескерді" деп хабарлады Ақтөбе облыстық соты.

Белсенді Төбетова да өзіне тағылған айыпты мойындап отырған жоқ. "Жай ғана репост үшін адамды бұлай жазалауға болмайды" дейді Айнагүл Төбетова.

Бір күн бұрын Қытайда ресми Астана мен Пекин арасында 30 күндік визасыз режим енгізу туралы келісімге қол қойылған. Дәл осы күні түрлі аймақта белсенділер қысымға мен қудалауға шағымданған. Алматыда тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" басшысы Бекзат Мақсұтханұлы 15 күнге қамалды. Facebook-тегі Human Rights Atajurt ұйымының парақшасында 10-нан астам белсенді полиция қысымына ұшырағанын хабарлады.

Ал ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі "Қытаймен визасыз режим бойынша нақты қанша адам ұсталғаны жөнінде ақпарат білмейтінін, оны соттан сұрау қажет екенін" айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG