Киев қалалық кеңесі 18 мамырда метроның бірнеше станциясының, қаладағы бірнеше көшенің және басқа да нысандардың атауын өзгертті. Ресей басып кіргелі бері Украинаның көптеген қаласында Ресейге қатысы бар географиялық атаулар өзгертіле бастаған.
Киевте метроның "Халықтар достығы" станциясының атауы "Зверинецкая" (Киевтегі тарихи аудан), "Лев Толстой алаңы" "Украина қаһармандары" деп өзгертілді.
Жыл басында билік қала тұрғындары арасында метро станцияларының атауын өзгертуге байланысты сауалнама жүргізген. Тұрғындардың басым бөлігі 18 мамырда қала кеңесі мақұлдаған атауға дауыс берген. Бұған қоса, көпшілік салынып жатқан "Ақиқат даңғылын" "Варшава" деп өзгертуді қолдаған.
Киев мэрі Виталий Кличконың айтуынша, қалада 314 нысанның аты өзгертілген.
"Киевте орыссыздандыру процесі жалғасып жатыр" деп жазды ол телеграм-арнасында.
Бейсенбі күні Киев кеңесі тағы 26 көше мен нысанның атын ауыстырған. Атап айтқанда, Ржевский көшесі енді – Станислав Лем, Володя Дубинин – Рэй Брэдбери, Красноткацкая – Уинстон Черчилл, Орловский – Джордж Оруэлл, Петров аллеясы – Магдебург құқығы.