19 мамырда Алматының Бостандық аудандық сотында Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 25 адамның ісінде үкім оқылды.
Сот айыпталушылардың барлығына (бір адам – Думан Қанатбек Қаңтар оқиғасында қаза болған) шартты жаза берді.
– Қамауда болғандардың барлығы босатылды. Шартты жаза алғандар пробациялық бақылауда болады, – деп хабарлады адвокат Айнара Айдархан Азаттыққа.
Бұған дейін прокурор барлық 25 адамды кінәлі деп тануды, 13 адамға шартты жаза, қалғандарына екі жылдан төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұраған еді. Айыпталушылардың бірі Думан Қанатбек Қаңтарда оққа ұшқан. Прокурор оны да кінәлі деп тануды, қайтыс болуына байланысты істі тоқтатуды сұраған. Сот прокурордың өтінішін орындады. Думан Қанатбектің әкесі Әкімбек Қалыбеков ұлын кінәлі деп танығанына келіспей, үкімді апелляцияға беретінін айтты.
Айыпталушыларға негізінен "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және оған қатысты", "қару-жарақ ұрлады", "ғимараттарға шабуыл жасады" деген айыптар тағылған. Айыпталушылардың басым бөлігі тағылған айыпқа келіспейді, кейбірі айыпты ішінара мойындаған. Адвокат Айнара Айдархан үкімді толық қолға алғаннан кейін айыпталушылар апелляцияға беру-бермеу мәселесін шешеді деді.
- 238 адамның өмірін қиған Қаңтар қырғыны бойынша сот процестері аяқталып келеді. Бас прокуратураның мәліметінше, елде 1600-ден астам адамға Қаңтарға байланысты үкім шыққан. Алматы, Тараз, Шымкент, Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Атырау және Талдықорған қалаларында жүздеген адамның соты өткен. Оларға "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақ ұрлау", "ғимараттарды басып алу" және өзге де баптар бойынша айып тағылған.
- Осыған дейін кейбір айыпталушылардың жақындары мен адвокаттары тергеу органдары істерді "біржақты қарағанын" айтып, "тергеу органдарының әділетсіздігіне" шағымданған. Қаңтар кезінде жақындарынан айырылған азаматтар қаза болған марқұмдарды ақтауды талап етіп, Астанаға дейін де барған. Олар "жақындарының Қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысы барын дәлелдейтін ешқандай айғақ жоғын" айтып, "әділетсіз үкімдердің" күшін жоюды сұраған. Осыған қатысты сұрақтарға жауап берген билік пен құқық қорғау орган өкілдері "тергеу мен сот процестері әлі толық аяқталмағанын" алға тартып келеді.
- Қаңтар кезінде оққа ұшқан және азапталған азаматтарға қатысты шағымдардың басым бөлігі қаралмағанын құқық қорғаушылар мен белсенділер, саясаткерлер сынаған.
- Қаңтарға байланысты құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің бірқатары "билік өкілетін асыра пайдалану", "әрекетсіздік таныту", "азаптау" баптары бойынша жауапқа тартылған. Алайда құқық қорғаушылар "Қаңтардағы қантөгістің шындығы толық ашылмады, бейбіт наразылардың өліміне кінәлілер толық жауапқа тартылған жоқ" деп есептейді. Билік Қаңтарды халықаралық дәрежеде тергеуді ұсынған құқық қорғаушылардың ұсынысын кері қайтарған.
ПІКІРЛЕР